«Yntymaq» салалық кәсіподағының қатары артып келеді

Еңбеккерлердің еңбегі мен еркіндігін сенімді қорғау кәсіподақтардың басты міндеттерінің бірі. Кәсіподақтар Федерациясының кәсіподақ мүшелерінің өмір сүру деңгейін жақсарту, әлеуметтік серіктестікті нығайту, еңбек қауіпсіздігі мен лайықты жалақымен қамтамасыз ету сияқты атқарылған жұмыстарындағы қол жеткізген нәтижелерінің арқасында бүгінде еңбеккерлердің жыл өткен сайын кәсіподаққа деген сенімі артуда.

Осы ретте, кәсіподақ қозғалысын дамыту және кәсіподақ мүшелерінің санын арттыру мақсатында «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі мен «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төраға орынбасары Лесбай Қозбаховтың Сайрам ауданындағы «Сайрам тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыскерлерімен өткізген кездесуі мен жүргізген түсіндіру жұмыстарының арқасында аталған ұжымда бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылды.

Кездесуде аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі қатысушыларға Кәсіподақтар Федерациясының 2023 жыл — «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялануына байланысты еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, өндірістік жазатайым оқиғалардың, еңбек дауларының алдын-алу, еңбек қатынастарын реттеу және кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету жөніндегі мәселелері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ұжым қызметкерлеріне кәсіподақ мүшелігіне өтуге шақырды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ұжымдағы қызметкерлер бірауыздан «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының құрамына кіруге ерікті түрде ниет білдіріп, 100% кәсіподақ мүшелегіне тартылды.

Сондай-ақ, кездесу барысында Лесбай Қозбахов қатысушылардың кәсіподақтың жұмысы мен еңбек қатынастарына қатысты сауалдарына жауап беріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.