Отырар ауданы полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адам өз арызында, белгісіз азамат үйінің ауласында тұрған «Ваз-21060» маркалы автокөлігін заңсыз айдап кеткені бойынша шағымданған. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 800 000 теңге. Аталған жайтты полицейлер ҚК 200-бабы «Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша тіркеуге алып, бірден іске кірісіп кетті. Қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары оқиға орнына шығып, жедел-тергеу амалдарын бастайды. Полицейлер тарапынан көлік ұрлаған күдіктіні құрықтау мен түр-тұлғасын анықтау үшін, қажетті барлық шаралар атқарылды. Соның нәтижесінде, арада небары 2 күн өткенде полицейлер жәбірленушінің көлігін заңсыз иемденіп кеткен азаматтарды анықтады. Осылайша отырарлық сақшылар күдікті ретінде бұрын сотты болған Түркістан қаласының екі жас тұрғынын құрықтады. Оларды бірден ПБ-ға жеткізді. Қазіргі таңда күдікті азаматтар қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.Белгілі болғандай, күдіктілер аталған қылмысты жасамас бұрын өзара ақылдасып, арнайы жоспар құрған. Содан соң оңай жолмен ақша табуды көздеп, Отырар ауданына қарай бет алған. Жеткеннен соң олар күн көзінің батқанын күтіп, жәбірленушінің ауласында тұрған автокөлікті байқатпастан ұрлап кеткен. Қолды болған көлікті Түркістан қаласына дейін айдап келіп, жарамды бөлшектерін сатып жіберген. Ал қалғанын өртеген. Түркістан облысының полицейлері осындай қылмысты болдырмау үшін, көліктерін бейнекамерамен жабдықталған, жарықтанған автотұрақтарға қою керектігін ескертеді. Егер де, сіз, қандай да бір қылмыстық оқиғаның немесе ұрлықтың куәсі, құрбаны болсаңыз, полицияның «102» нөміріне жедел түрде қоңырау шалыңыз.
ТО ПД баспасөз қызметі