Түркістанда бейінді оқытуды ұйымдастыру бойынша тәжірибелік семинар өтті

бейінді оқытуды

Түркістан қаласындағы М.Әбенова атындағы жалпы білім беретін мектепте «Бейінді оқытуды тиімді ұйымдастыру арқылы — нәтиже бағытталған білім беру» тақырыбында тәжірибелік қалалық семинар ұйымдастырылды. Семинардың мақсаты — бейіндік оқытуды іске асыру, оқушылардың кәсіптік, азаматтық және тұлғалық өзін-өзі анықтауларына мүмкіндік беретін түйінді құзыреттіліктерді дамыту. Сондай-ақ, білім алушылардың даралық білімдік қажеттіліктерін қанағаттандыру және олардың болашақ мамандықтарына деген қызығушылықтарын арттыру болды.

Іс-шараға Түркістан қалалық білім бөлімінің әдіскері Г.Аметова, мектеп директорларының бейінді оқыту орынбасарлары мен кәсіптік білім беру педагогтері қатысты. Семинардың ашылуында Түркістан қалалық білім бөлімінің әдіскері Г.Аметова мен мектеп директоры Т.Меңдібаева сөз сөйлеп, семинардың негізгі мақсаттары мен міндеттері туралы сөз қозғады. Олар бейіндік оқытудың білім беру жүйесіндегі маңыздылығын атап өтіп, оқушылардың кәсіптік бағдар беру жұмыстарының заманауи әдістерін енгізудің қажеттігін түсіндірді.

Семинар барысында оқушылардың өз болашағын таңдауға деген көзқарастарын қалыптастыруға бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырылды. Кәсіптік білім беру педагогі П.Аманжолова жетекшілік еткен «Мен мамандықты өз жүрек қалауыммен таңдаймын» атты жоба қорғау іс-шарасы ерекше қызығушылық тудырды. Бұл жобаны оқушылар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қорғап, өз мамандықтарына деген қызығушылықтарын көрсетіп, көпшіліктің назарын аударды.

Сонымен қатар, 10-сынып оқушылары арасында Ж.Құлжанова ұйымдастырған «Сұранысқа ие мамандықтар» тақырыбында дебат өтті. Дебат барысында оқушылар қазіргі қоғамдағы ең сұранысқа ие мамандықтар мен оларды таңдаудағы факторларды талқылады. Бұл шара оқушылардың ойлау қабілетін дамытып, олардың болашаққа деген көзқарастарын кеңейтуге ықпал етті.

Семинарға қатысқан педагог-психолог Р.Бурусова мен З.Сарсенбаева психологиялық тренинг өткізді. Олар мұғалімдер мен оқушылардың ішкі дүниесін түсінуге, олардың кәсіби әрі жеке тұлғалық дамуына көмек көрсету мақсатында түрлі жаттығулар мен тапсырмалар ұсынды.

Тәжірибелік семинар мұғалімдердің ашық сабақтарымен жалғасын тапты. Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Ұ.Қалдыбаева «Шешендік өнер – халық қазынасы» тақырыбында ерекше әдістерді пайдаланып ашық сабақ өткізді. Бұл сабақта оқушылар қазақ халқының шешендік өнерінің мәнін тереңірек түсініп, өз пікірлерін білдіру арқылы шығармашылық тұрғыдан дамыды. Ал қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі М.Киізбаева «Ахмет-Ұлт ұстазы» тақырыбында әдеби жанрда ашық сабақ өткізіп, Абай мен Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына талдау жасап, оқушыларға тіл мен әдебиетке деген қызығушылықтарын арттырды.

Биология пәні мұғалімі С.Бейімбетова «IQ DODA» интеллектуалды сайыс сабағын өткізіп, оқушылардың биология саласындағы білімдерін сынап, оларды ойландыруға, шығармашылықпен жұмыс істеуге ынталандырды. Математика пәні мұғалімі А. Мұратбек ҰБТ-да кездесетін есептерді жеңіл әрі тиімді шешу жолдарын түсіндіріп, «Геометриялық мағынадағы есептер» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Бұл сабақта мұғалім түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, оқушыларға математика пәні бойынша теориялық білімдерін практикада қолдануға мүмкіндік берді.

Семинар жоғары деңгейде өтіп, мұғалімдер өзара тәжірибе алмасты, жаңа әдіс-тәсілдермен танысты және өздеріне қажетті материалдарды жинақтады. Семинар соңында үздік сабақ өткізген мұғалімдер Түркістан қалалық білім бөлімінің марапатына ұсынылды. Бұл шара білім беру саласының жаңашылдыққа бет бұрып, оқушылардың кәсіптік білім мен жеке тұлғалық дамуына ерекше мән берілетінін көрсетеді.