«Жасөспірім» рейдтік іс-шарасы өткізілді

Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу,кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр.

Түркістан қаласының аумағында а.ж. 19-22 қыркүйек аралығында «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шараcы өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты — кәмелетке толмаған балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық орындарында, көшеде жүруін болдырмау.

​ Іс-шараға қала прокуратурасының, Түркістан ҚПБ жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының, Түркістан қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің, Жастар ресурстық орталығының және адами әлеуетті дамыту бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Жүргізілген рейдтік іс-шара барысында заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық орындарда жүрген 10 жасөспірім анықталып, полиция басқармасына жеткізілді.

Олардың ата-аналарына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 442-бабымен, ойынхана иелеріне 132-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Бұдан бөлек, қыркүйек айының басында ювеналды полиция тобы мен адами әлеуетті дамыту бөлімі қызметкерлері Жастар ресурстар орталығы және ата-аналар комитетінің өкілдерімен бірлесе отырып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар жазатайым оқиғалардың алдын алу, балалардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын нығайту мақсатында «Абайлаңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген.

Іс-шара барысында түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған және заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүрген кәмелетке толмаған 52 жасөспірім анықталып, олардың ата-аналары әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 5 жасөспірім есепке алынып, 2 жайсыз отбасы тіркелсе, алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орында масаң күйде жүрген кәмелетке толмаған 2 бала ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 2-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Ntime.kz