Түркістан қаласында 7 қаңтар күні басталған шахматтан Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Шараға Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы, Қазақстан шахмат федерациясының Түркістан облыстық филиалының президенті Еркеғали Әлімқұлов қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.
Спортшылар шаршы тақтада шахматтың «классикалық рапид» және «блиц» түрінен сынға түсті. Сайысқа еліміздің әр өңірінен жиналған 400-ден аса шахматшы қатысып, оның 54-і үздік деп танылды. Сол 54-тің ішінен оза шыққан 5 ойыншы биыл қазан айында Бразилияның Флорианополис қаласында өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Он күнге созылған жарыс нәтижесінде командалық есеп бойынша І-орынды Астана қаласы, ІІ-орынды Атырау облысы иеленсе, ІІІ-орыннан Қызылорда облысының құрамасы көрінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубок, алғыс хат және медальдармен марапатталды.
Шара соңында Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова Түркістан облысы әкімдігі мен шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, ел чемпионатының бас төрешісі Тимур Қасымов жолдамаға ие болған шахматшыларға сәттілік тіледі.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі