Түркістанда «Қыз тәрбиесі — ұлт тәрбиесі» тақырыбында жиын өтті

Қыз тәрбиесі

Қазақ халқының дәстүрінде қыз баланы ерекше қастерлеп, оны нәзіктік пен инабаттылықтың, рухани тазалықтың символы ретінде тәрбиелеу маңызды орын алады. Қазақ қызы — тек отбасының ғана емес, бүкіл ұлттың абыройы мен ары. Осы құндылықтарды насихаттау, жасөспірім қыздарды ұлттық тәрбие мен рухани байлыққа баулу мақсатында Түркістан қаласының ішкі саясат бөлімі және «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған жиын Түркістан Жоғары Көпсалалы қолөнер колледжінде өтті.

Бұл жиынның басты мақсаты — жасөспірім қыздардың бойындағы рухани қасиеттерді дамыту, оларды ұлттық құндылықтармен таныстыру және қоғамдағы маңызды мәселелер, оның ішінде ерте жүктіліктің, суицидтің алдын алу. Мұндай шаралар жастар арасында тәрбие жұмысының тиімділігін арттыруға және жасөспірімдердің әлеуметтік-рухани жағдайын жақсартуға бағытталған.

Жиынға Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі ұстаз Баян Адырбекқызы қатысты. Баян Адырбекқызы өз сөзінде қыз тәрбиесінің маңызы туралы айтып, қыз баланың бойына ұлттық құндылықтарды сіңірудің жолдарын түсіндірді. Ол қазақ қыздарының қоғамдағы рөлін, олардың ұлттық болмысын сақтаудағы жауапкершілігін, отбасы мүшелерінің қыз баламен қарым-қатынасын тереңірек түсіндіріп өтті. Ұстаздың пайымдауынша, әрбір қыз бала өзінің тәрбиесін, әрбір қадамында ата-бабаларымыздың мәдениеті мен дәстүрін ұстану арқылы ғана ұлттың тірегі бола алады.

Жиында медициналық сала өкілдері де маңызды мәселелерді көтерді. ДанияМед клиникасының гинекологы Айгерим Кушкарова ерте жүктіліктің адам ағзасына әсері мен оның салдарлары туралы сөз қозғады. Мұндай мәселелердің алдын алу үшін қыздардың денсаулығын қорғаудың маңыздылығы туралы баяндамасын жасады. Ол жасөспірім қыздарды ерте жүктіліктің зияны мен салдарын түсініп, өздеріне дұрыс жол таңдауға шақырды.

Талғат емханасының психологы Шырын Мырзакелдіқызы ерте жүктіліктің себептері, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу туралы айтып, олардың психологиялық жағдайын қалай түзету керектігі жайында пікір білдірді. Шырын Мырзакелдіқызының айтуынша, жасөспірімдер арасында стресс пен депрессияның өсуі көбінесе олардың өз болашағына деген сенімсіздігінен туындайды. Сондықтан бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы — психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің белсенді түрде жұмыс істеуі болып табылады.

Жиын барысында колледж психологы Индира Камысбаева мен әлеуметтік педагог Гулжан Батырбекова да сөз алып, жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын қорғау және оларды дұрыс тәрбиелеудің жолдары туралы айтты. Олар балалармен тығыз байланыс орнату, олардың мәселелерін тыңдап, қажетті қолдау көрсету арқылы әрбір жасөспірімнің өз болашағына деген сенімін арттыруға болатынын атап өтті.

Түркістан қаласының ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен бұл шара жасөспірім қыздардың болашағына оң әсерін тигізіп, олардың рухани әрі әлеуметтік дамуына ықпал етті. Жиынға қатысқан қыздар, олардың ата-аналары мен педагогтар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, қыз тәрбиесінің негіздері мен жастарды әлеуметтік проблемалардан қорғау жолдары туралы пайдалы ақпараттар алды. Жиынның мақсаты — қыз баланың дұрыс тәрбиесі арқылы ұлт болашағын қалыптастыру болды.

Осылайша, Түркістан қаласында өткен «Қыз тәрбиесі — ұлт тәрбиесі» тақырыбындағы жиын жастардың өз-өзіне деген сенімін арттыруға, сондай-ақ оларды ұлттың басты құндылықтары — отбасы, дәстүр мен мәдениетке құрметпен қарауға тәрбиеледі.