Түркістанда қылмыс пен жол көлік оқиғаларын алдын алу мәселелері талқыланды

жол көлік

Түркістан қаласының «Ұлы дала елі» орталығында қала прокуроры Қайрат Нәрікбаевтың төрағалығымен қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында мекемеаралық жиналыс өтті. Жиналысқа қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, полиция басқармасының бастығы Жанболат Нысанбаев, сондай-ақ басқа да мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Жиын барысында Түркістан қаласының прокуроры Қ.Нәрікбаев соңғы уақытта кәмелетке толмағандар арасында қылмыс санының өсуі және жол көлік оқиғаларының жиілеуі мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, криминогендік ахуалды жақсарту, жасөспірімдерге қатысты қылмыстарды азайту үшін алдын алу шараларын күшейту қажет.

Сондай-ақ, қала прокуроры құқық қорғау органдары мен жергілікті биліктің бірлескен күш-жігері арқылы бұл мәселелерді шешуге болады деп есептейтінін атап өтті. Жиналысқа қатысушылар кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстарды алдын алу мақсатында білім беру мекемелерімен ынтымақтастықты арттыруды ұсынды. Сонымен қатар, жол көлік оқиғаларының алдын алу үшін қала жолдарындағы қауіпсіздікті күшейту қажеттігі сөз болды.

Жиналыстың соңында қалалық полиция басқармасы мен жергілікті атқарушы органдарға жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру, қылмыстардың алдын алу бойынша бірқатар тапсырмалар берілді. Бұл шаралар қалада құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қала прокуроры Қ.Нәрікбаев айына екі рет осындай қабылдаулар өткізіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері үнемі бақылауда болатынын атап өтті.