Арыс қаласында карантин талабын сақтамаудың 500-ге тарта жайты анықталды

Түркістан облысы ПД Арыс АПБ-ның полиция қызметкерлері жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша 500-ге тарта құқық бұзушылық анықтаған деп хабарлайды ТО ПД-нің баспасөз қызметі. Оның ішінде той-жиын жасаудың 25 жайты, көпшілік жерде бетпердесіз жүрудің 54 жайты, шектелген уақытқа қарамай жұмыс жүргізген дүкендердің 50-і, ойынханалардың 3-еуі анықталған. Аталған деректерге заңды шара көру үшін жинақталған іс-құжаттар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу бойынша» тіркеліп, заңды шешім қабылдау үшін тиісті мекемеге жолданды. Мәселен, Арыс қаласында орналасқан тойханалардың бірінде 150-ге жуық қонақ шақырып, «Қыз ұзату» тойын жасап жатқан тұрғын анықталды. Орын алған заң бұзушылыққа қатысты тойхана иесі мен той егесіне карантин талабын сақтамау бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шара қолдану үшін тиісті орынға жолданды. Ал қонақтарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, той тоқтатылып, тарқатылды.Сондай-ақ полицейлер тойханалар мен мейрамхана, кафе-барларды тексеріп, нысан иелерімен кездесіп, той-жиын өткізбеу және азаматтардың жиналуына жол бермеу керектігін түсіндіріп, карантин талаптары бұзылған жағдайда заңды шара көрілетіні туралы ескертті. Сондықтан әрбіріміз денсаулығымызға немқұрайлы қарамайық. Жақынымызға жанашыр болайық. Бұл бағыттағы іс-шаралар алдағы уақыттада өз жалғасын таппақ. Сондықтан бетперделік режим мен арақашықтықты сақтаңыздар!