Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, 28 қазан мен 3 қараша күндері аралығында түркістандық 15 білім саласының қызметкері Жапония еліне іссапармен барды. Олар күншығыс еліндегі білім саласының артықшылықтарын көзбен көріп, тәжірибе алмасып қайтты. Аталған семинар Жапонияның Білім министрлігінің білім беру саласындағы ұлттық саясат институтының қолдауымен ұйымдастырылған. Бұл жайында брифингте облыстық білім беруді дамыту орталығының басшысы Бақытжан Төлембет баяндады.
- Облыстан барған делегация жапон елінің білім беру әдістемесімен ғана емес, әкімшілік басқару сынды тұстарымен де танысты. Ондағы педагогтардың кәсіби даму құлшынысы мен оқушылардың патриоттық санасын қалыптастыру әдістемесін үйренді. Алдағы уақытта Түркістан облыстық Білім беруді дамыту орталығы мен Жапонияның Білім беру саласындағы ұлттық саясат институтының арасында байланыс орнатылып, бірлескен зерттеу жұмыстары жүргізілмек — деді Бақытжан Нұрмұхаммедұлы.
Бір аптаға жалғасқан семинар cоңында делегаттарға Білім беру саласындағы Саяси Зерттеулер Ұлттық Институтының халықаралық сертификаты табысталды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі