Сайрамда ең үздік мұғалімдер марапатталды

Сайрам ауданында «Ұстазыма мың алғыс!» атты ұстаздар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Сабитов қатысып, білім саласындағы оң көрсеткіштерге тоқталып, ең үздік мектеп мұғалімдерін марапаттады.

– 5 қазан күні дүниежүзіндегі 100-ден аса елде мұғалімдер күні мерекесі тойланады. Ұстаз – ұлағатты есім! Мұғалімге артылар міндет ауыр екені белгілі. Ұрпақ тәрбиелеу үлкен жауапкершілік. Бүгінде ауданда 64 990 оқушы бар, ал мұғалімдер саны 7867-ге жетті. Мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын, – деді аудан әкімі.

Жалпы ауданда білім саласында 96 мектеп бар болса, оның 74-і мемлекеттік, 22-сі жекеменшік. Жаңа оқу жылында 2966 орындық 6 жекеменшік мектеп іске қосылды. Облыстағы жекеменшік мектептердің саны 112 болса, соның 19,6%-ы ауданның үлесінде. Яғни, жекеменшік мектеп салудан облыста Сайрам ауданы көш бастап тұрған аудандардың бірі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі