Әрбір адамның өмірде толыққанды тұлға болып қалыптасуында құқықтық тәрбиенің алар орны ерекше. Тәрбиенің сан қырын қарастырсақ та құқықтық тәрбие, құқықтық сауаттылық көш ілгері болмақ.
Қазіргі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе бүгінде көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылуда. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз.
Түркістан қаласында полицейлер студенттермен кездесті. Түркістан жастары арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мен олардың құқығы, есірткі мен нашақорлықты болдырмау жұмыстары аясында тәртіп сақшылары Түркістан қаласының Халықаралық спорт және туризм университетінде кездесу ұйымдастырды.
Аталған іс-шараға оқу орнының 100-ге жуық екі және үшінші курс студенттері қатысты. Кездесу барысында Түркістан облысы Полиция Департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Түркістан Қаласының Полиция Басқармасы полицейлері және санитарлық-эпидемиологиялық станция дәрігерлерімен бірлесіп студенттерге нашақорлықтың алдын алу тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сондай-ақ тәртіп сақшылары жастарға есірткіні, оның ішінде синтетикалық есірткіні қолданудың зияны туралы түсіндірді.
Сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілік қарастырылғаны туралы еске салды. Полиция қызметкерлері қатысушыларға нашақорлықтың алдын алуға бағытталған түрлі бейнероликтерді көрсетті. Сонымен қатар жастардың қылмыс жасауының себептерін қарастырар болсақ, ол кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс бос уақыттарында немен шұғылданып жүргендерін қадағаламауынан орын алады. «Ел болам десең — бесігіңді түзе» деп дана халқымыз айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жастар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді.
Жалпы құқық тәртібін бұзуға бейім балалар, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасап ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққан.
Жас жеткіншектердің қылмысқа бой ұру мәселесі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-ананың, мектеп, арнаулы оқу орындары мен басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадағалауын талап етеді. Себебі психолог мамандардың зерттеуіне сенсек, жас баланың саналы азамат болып қалыптасуында оның жанұяда, мектеп қабырғасында, көшеде көргендері ерекше орын алады. Ал сабақтан тыс уақыттарда, каникул кездерінде демалыс маусымдарының дұрыс ұйымдастырылмауы, көшедегі келеңсіз оқиғалардың көптігі жасөспірімдердің қылмыс жасауына әкеп соқтыруы анық. Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған.
Елімізде кәмелетке толмаған құқықбұзушылардың ісімен шұғылданатын комиссия құрылған. Оған айтарлықтай арнайы өкілеттіліктер берілген. Егер ата-ана баласының тәрбиесіне қарамаса, комиссия оларды ата-ана құқынан да айыра алады. Келешек ұрпақтың осындай құқыққа қайшы әрекеттер жасауға жол бермеу үшін жасөспірімдер мен ата-аналар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру керек. Осы орайда арнайы жүйелі құрылған жоспарлар бойынша әрбір жеткіншекке, әрбір ата-анаға Қазақстан Республикасының Заңдары бойынша арнайы түсіндірме жұмыстары жасалынып, құқықтық жалпы оқыту қоғамдық пән мұғалімдерінің жетекшілігімен ақпараттық-насихаттық лекторлық топтарымен сауаттылықтарын арттыру керек.
Ендеше келешек ғұмырымызды жалғастырар ұрпағымыздың тәрбиесімен осы кезден бастап айналысып, жасөспірімдеріміздің болашағына дұрыс бағдар беріп рухани жан-дүниесін байытып, «елім, жұртым» — деп тұратын азамат етіп өсірейік.
Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны азая түскен. Заңды білмеу, оны бұзу жауапкершіліктен құтқармайды.
Жастар іс-шараны ұйымдастырушыларға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға толық жауаптар алды. Студенттер өзекті және танымдық кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдірді. Тәртіп сақшылары жастарды салауатты өмір салтын ұстануға және жаман әдеттерден бас тартуға шақырды.