Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге бастаған француз кәсіпкерлерімен кездесті.
EDF, Veolia, AZ Syndicat, C3Medical, Dualest, СП ALMGT, Richel Group сынды жетекші француз компаниялары мен Франция-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасының (CCIFK) өкілдері Шымкентте бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр.
Кездесу барысында 2025–2028 жылдарға арналған ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған Жол картасына қол қойылды. Құжатта мәдени және білім алмасуды дамыту, қала құрылысы, ауыл шаруашылығы және қала инфрақұрылымы салаларында озық француз технологияларын енгізу, сондай-ақ денсаулық сақтау, ғылым және білім беру салаларындағы әріптестікті арттыру қарастырылған.
Бұл кездесудегі қол жеткізге құжат туризмді дамытуға да ықпал етеді. Оның ішінде Шымкентте Франция мәдениеті күндерін және Францияда Шымкент күндерін өткізу, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту мен іскерлік байланыстарды кеңейту шаралары бар. Жол картасын іске асыру қала тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Шымкенттің тұрақты дамуында маңызды қадам болмақ.
Жалпы бұл кездесу Мемлекет басшысының инвестиция тарту, инвестициялық климатты жақсарту және бизнес жүргізу шарттарын оңтайландыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ұйымдастырылды.
Қала әкімі француз делегациясына мегаполиске көрсетілген ықылас үшін алғысын білдіріп, бизнес-форум аясында өткен B2B және G2B кездесулері ынтымақтастыққа жаңа серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.