Улы газ-қауіпті

Жылу беру маусымы басталасымен тұрғын үйлер мен пәтерлердегі өрт оқиғалары арта түседі, оның себебі көбінесе, жылу беру жүйелерін пайдалану және жылу пештерін орнату кезінде, электр желісіндегі ток кернеуінің шамадан тыс көбеюінен, өрт қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылуы салдарынан болып жатады.  Әсіресе бұл кезеңде улы газбен улану факторлары жиі орын алады.  Адам өміріне қауіпті  улы газбен уланудың  алдын алу үшін ең бірінші орында қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаудың өзі  аса маңызды.

Осаған орайда  жылу беру маусымының қарсаңында жылыту құралдарын пайдаланған кезде өрттер мен улы газбен улану оқиғаларының алдын алу және оларды болдырмау мақсатында Шымкент қаласы ТЖД және Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі тарапынан тұрғын үй секторында аула аралау профилактикалық жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындардың әлеуметтік қорғалмаған топтарына аса назар аударылады, себебі өрттер мен улы газдан улану оқиғалары көбінесе солардың тұрғылықты жерлерінде орын алады. Сондықтан да  қала тұрғындарын  барынша  қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз. Ол үшін ең бастысы  қағидаларды естен шығармайық.

Улы газдан уланудың алдын алу үшін

— тек жарамды жабдықтарды қолданыңыз. Пеш қалауларындағы жарықтар, тазаланбаған түтіндіктер сол сияқты «ұсақ-түйектер» ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

— пештер мен каминдерді қағидаларға сәйкес қолданыңыз. Желдету жүйесінің жұмысына жүйелі түрде тексеру жүргізіп, құбырларды  уақытылы тазалаңыз, пештер мен каминдерді қалауда тек кәсіпқой мамандарға жүгініңіз.

— автокөлік иелері, көлікжайда (гаражда) қозғалтқыш бөлігін қосулы күйде жұмыс жасамаңыз.

Улы газдан уланудың белгілері

Улы газ пайдаланылған газдың улы бөлігі. Көп жағдайда улы газдан улану көмірмен немесе газбен жағылатын пештерді немесе қазандықтарды дұрыс пайдаланбаудан туындайды. Адамға дер кезінде көмек көрсету үшін мұндай уланудың негізгі белгілерінен хабардар болу қажет. Улы газ иіссіз болатындықтан, тыныс алу ауасының құрамында 0,08% көмірқышқыл газы араласқан кезде адамның басы ауырып, тұншығу белгілері сезіліп, улануы мүмкін. Көмірқышқыл газының концентрациясы 0,32% дейін жоғарылаған кезде сал ауруының белгілері байқалып, есінен тану жағдайлары болады (өлім 30 минуттан кейін келеді). Концентрация 1,2% асқанда 2-3 тыныс алудан кейін адам есінен танып, кемінде 3 минуттан кейін өлімге әкеледі.

       Улы газдан улану кезіндегі көмек

Мұндай жағдайда зардар шегушіге дәрігерге дейін көмектің дұрыс көрсетілуі өте маңызды. Ол үшін алдымен уланған адамды таза ауаға шығарып, аяғын сәл көтеріңкі күйде жатқызып, денесін тар киімнен босатып, мүсәтір спиртін иіскетіңіз. Егер адам есін біліп жатса оған тыныштық және үзіліссіз оттегі қажет, мысалы газетпен желпуге немесе желдеткіш қосуға болады. Ал зардап шегуші дем алмай жатса, алдымен тыныс алу жолдарын тазалап алып жасанды дем беру қажет. Ең бастысы «Жедел жәрдем» қызметін шақыруды ұмытпаңыз. Ондай мүмкіндік болмаған жағдайда өмірлік маңызды функциялары қалыпқа келгеннен соң зардап шегушіні емдеу мекемесіне жеткізуге тырысыңыз.

Есіңізде болсын, уланған адамды қауіпті газ концентрациясы бар жерден алып шығу кезінде өзіңіз бірге уланып қалмас үшін бірінші кезекте өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету қажет. Ол үшін тез әрекет етіп, қол орамалы немесе дәке арқылы тыныс алу керек.

Құрметті азаматтар! Жоғарыда айтылған ережелерді сақтаған жағдайда ғана өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірін тілсіз жаудан құтқарып қалуға мүмкіндіктеріңіз болатындығын ұмытпаңыздар!

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы азаматтық қорғау полковнигі Қ. Сарсенбаев