Екі жағдайда да жасөспірімдер ата-анасынан жасырын түрде кешкі уақытта ғашықтарымен серуендеуге шыққан. Үлкендер романтикалық қарым-қатынас орнатуға тыйым салған соң, жас қала тұрғындары осындай қадамға барған.
Тұран ауданының тұрғыны 15 жасар қызымен хабарласа алмай жатқанын айтып полицияға шағымданған. Біраз уақыттан кейін тәртіп сақшыларына тағы да осындай қоңырау түсті. Бұл жолы жоғалған жігіттің анасы дабыл қаққан.
Балаларды іздестіру жұмыстарына Тұран аудандық полиция басқармасының жедел уәкілдері, учаскелік инспекторлар мен ювеналды полиция қызметкерлері жұмылдырылды.
Қызметкерлер жастар көп жиналатын орындарды: саябақтарды, ойын-сауық орындары мен компьютерлік клубтарды тексерді. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын қарап шықты. Нәтижесінде жасөспірімдер аман-есен табылып, отбасыларына қайтарылды.
Ата-аналар өз кезегінде полицейдерге көрсеткен қызметі үшін шынайы алғысын білдірді.
Шымкент қаласының ПД