Зейнеткерлер шипажайларда емделу үшін онлайн кезекке тұра алатын болады

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев өзінің биылғы жолдауында: Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер..    

Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз. 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек – екенін айтқан болатын.

Елімізде соңғы жылдары ІТ  саласы белсенді дамып келеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, проактивті және толық автомат­тан­ды­рылған қызметтер санын, яғни адами факторсыз құрылатын қызметтер 6%-ды құрайды.

Шымкент қаласында алдағы уақытта зейнеткерлердің шипажайларда емделуге кезекке тұруы автоматтандырылатын болады. Аталмыш мемлекеттік қызмет түрін geo-shym.kz/ порталына тіркеп, жыл соңына дейін пилоттық жоба негізінде іске қосу көзделуде.

Осы мақсатта бүгін Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен қалалық цифрландыру басқармасының және «Казгиса» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  басшылары үш жақты меморандумға қол қойды.

-Қарты бар ел-қазыналы ел! Қарттар күні мерекесі қарсаңында игі іске бастама жасадық. Қазыналарымызға қашанда қызмет көрсетуге бармыз,- деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова.

Жоба толығымен іске қосылған соң Шымкент қаласының зейнет жасындағы азаматтары шипажайларда емделу үшін онлайн кезекке тұрып, өздері кезек ретін бақылап отыра алатын болады.

Мәлімет бойынша, басқармаға жыл сайын шипажайларда ем қабылдауға 13 мыңға жуық зейнеткерден өтініш түседі. Кезек ретіне қарай олар шипажай жолдамаларымен қамтамасыз етілуде. Атап өтерлік жәйт, биылдан бастап шипажайларда қызмет алу күндері 6 күннен 10 күнге ұзартылды.