Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында жасөспірімдердің жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар атқарылуда. Полиция департаментінің бастамасымен қаладағы барлық мектептер, балабақшалар мен мектепке дейінгі ұйымдардың алдындағы жолдар зерделеніп, жол қозғалысының қауіпсіздігі тексерілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қалалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Жүзжасаров баяндады.
Спикердің айтуынша, Шымкенттегі 162 мемлекеттік мектептің алдындағы жаяу жүргінші өткелдері мен жол таңбаларының жағдайы қаралып, тиісті жол белгілері мен техникалық құралдардың түгелдігіне ерекше назар аударылды. Биыл қолданысқа берілген жаңа мектептердің маңындағы жол инфрақұрылымы да бақылаудан өтті. Әсіресе жаяу жүргінші өткелдерінің алдында орнатылуы тиіс негізгі белгілер бойынша (5.16.1, 5.16.2 – жаяу жүргіншілер өткелі, 1.21 – балалар, 3.24 – жылдамдықты шектеу, 1.16.1 – жасанды бұдырлық) Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына нақты нұсқамалар берілді.
Қазіргі таңда осы нұсқамалардың негізінде мектептердің алдындағы жаяу жүргінші жолақтары жаңартылып, жол белгілерін көлегейлеген ағаш бұталары кесілуде. Бұл жұмыстар Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан күнделікті жүзеге асып келеді. Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар жаңа оқу жылы бойы жалғасын табады.
Қала әкімдігі полициямен бірлесіп, жол инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жақсартып, қауіпсіздік шараларын күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл – балалардың мектепке қауіпсіз барып, үйлеріне аман-есен оралуын қамтамасыз ететін маңызды бастама. Сонымен бірге ата-аналар мен мұғалімдердің де жол қозғалысы ережелерін балаларға үйретудегі рөлі ерекше екені атап өтілді.