Шымкентте «еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» тақырыбы аясында семинар-кеңес өтті

Шымкентте «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның кәсіподақ активінің екінші легіне арналған семинар-кеңес өз мәресіне жетті. Басқосуда «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» АКБ бас маманы Майра Боранбаева, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекторы Мамадалиев Әлжан және кәсіподақ активі мен мүшелері қатысты.

Оқыту барысында қатысушылар «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау», «Еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі», «Әлеуметтік әріптестік», «Ұжымдық шарт», «Көшбасшылық», «Келісім коммисиясының жұмысын ұйымдастыру» тақырыптары аясында лекторлардан пайдалы кеңес алып, біліктіліктерін шыңдай түсті.

Семинарда Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекторы Мамадалиев Әлжан еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы еңбек заңнамасы мен нормаларының сақталуын қоғамдық бақылау, өндірістегі жазатайым оқиғаларды есепке алу және тергеу, өндірістік кеңес жайлы баяндама жасады. Басқосуда Майра Қадырбекқызы тыңдаушыларға «Кәсіподақтар қызметінің құқықтық негіздері мен кепілдіктері» және «Көшбасшылық» жайлы баяндама жасап, ҚР Еңбек Кодексі, кәсіподақтар қызметінің негізгі қағидалары, кәсіподақтар Заңы бойынша кәсіподақтар қызметінің құқықтық негіздері мен кепілдіктері мен кәсіподақ қозғалысының көшбасшысы, кәсіподақ көшбасшысының коммуникативтік құзыреттілігі, ұйымдастырушылық қабілет, келіссөздер жүргізу дағдылары, сондай-ақ, көпшілік алдында сөйлеу және өзін-өзі таныстыру бойынша толық ақпарат беріп өтті. Тыңдаушылар тақырыпқа қатысты сұрақтарын қойып, баяндамашылармен пікір алмасты.

Кездесу соңында Бауыржан Ілімшеұлы біліктілікті ілгерілету бойынша екікүндік оқыту семинарын қорытындылап, білім алған кәсіподақ активіне арнайы сертификаттар табыстады.

Ал қатысушылар ұйымдастырушыларға семинар үшін алғыс айтып, басқа да саланың кәсіподақ мүшелерімен бірлескен семинарын өткізуге ниет білдірді. Себебі өзге саладағы жұмысшылармен өзара пікірталас жүргізіп, ойларын ортаға салып бөліскенді жөн санап отыр. Ұйымдастырушылар бұл ұсынысты алдағы уақытта ҚР Кәсіподақ Федерациясына жолданатындығын жеткізді.