Шымкентте студенттік құрылыс отрядтары қайта жаңғырды

студенттік құрылыс

Бүгін Шымкент қаласының әкімдігі мен «Ауыл» партиясының Шымкент қаласы бойынша өңірлік филиалының ұйымдастыруымен студенттік және жастар жасақтарының арнайы ашылу салтанаты өтті. Қос тарап бірлесе отырып, студенттік құрылыс отрядтарын құруды алғашқылардың бірі болып ұйымдастырып, салтанатты шараны өткізу арқылы басқа өңірлердегі жоғары және арнаулы оқу орындарын осындай игі бастаманы қолдауға шақырып отыр.
Салтанатты жиынға қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сәрсен Құранбек жастарға ризашылығын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
-Бүгінгі жиналған жастардың барлығын да патриот деп білемін. Мемлекет бізде біртұтас. Ешқандай партияға бөлінбейді. Еліміз унитарлы, зайырлы, демократиялы, әлеуметтік болғаны себепті бірнеше партия жұмыс істейді. Байтағымызда бала туған сәттен Ұлттық қордан ақша бөлінеді. Бес жастан “Келешек” қоры көмек қолын созады. Жинақталған ақшаны 18-ге толған кез келген азаматымыз оқуға не үй-жайға жұмсай алады. Студенттеріміз арнайы және жоғары оқу орындарында тегін білім ала алады. Бұл да біздің әлеуметтік мемлекет екендігімізді көрсетеді. Ал бүгінгі шара ел үшін еңбек сіңіргісі келетін студенттеріміздің патриот, еңбекқор екенін көрсетеді. Осындай еңбексүйгіш, отансүйгіш жастарға тек сәттілік серік болсын! — деді Сәрсен Абайұлы.
Еліміздегі үлкен саяси партияның бірі «Ауыл» партиясының құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Партия ел көлемінде үлкен істердің атқарылуына мұрындық болып келеді. «Ауыл» партиясы 2024 жылы еліміздің бірқатар өңірлері су тасқынынан зардап шеккен кезде Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет студенттік және жастар жасақтарын жасақтап, табиғи апат салдарынан зардап шеккен тұрғындар үшін көмек қолын созған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласындағы мәслихат депутаттарының форумында сөйлеген сөзінде осындай игі бастамаға үлкен баға беріп, қолдау көрсетті.

  • Іс-шараның мақсаты – Тарихымызда болған студенттік құрылыс отрядтарын қайта жаңғырта отырып еліміздің ертеңі және біздің болашағымыз – өскелең ұрпақты еңбексүйгіштікке баулу, отаншылдық рухта тәрбиелеу және осындай ізгі шараны еліміздің барлық жоғары және арнаулы орта оқу орындарында ұйымдастыруға бастама жасау. Біз салтанатты шараны өткізу арқылы басқа өңірлердегі жоғары және арнаулы оқу орындарын осындай игі бастаманы қолдауға шақырамыз!
    М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінің студенттерінен құралған 6 студенттік және жастар жасағы жасақталды. «Ақбастау» экологиялық жасағы,«Эко-Асар» экологиялық жасағы,«Көктерек» экологиялық жасағы, «Жалынды жастар» құрылыс жасағы, «Береке-Бірлік» сервистік жасағы, «Ұшқын» гидротехникалық жасағы бірнеше бағытта ел үшін еңбек ететін болады, — деп «Ауыл» партиясы Шымкент өңірлік филиалының төрағасы Қанатбек Досалиев пікірін білдірді.
    “Абай” саябағында өткен іс-шараға қатысушылар “Даңқ” мемориалына гүл шоқтарын қойды. Бұл мезет сұм соғыстың майдан даласында қаза тапқандарды еске алумен қатар сол кеудесімен құм кешкендердің алдындағы аманатқа адалдық танытқандай еді.