«Пахтакор» елдімекенінің тұрғындарымен кездесу болды

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бүгінде жаңа Қазақстан мен әділетті қоғам құру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның ішінде Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңызы зор. Әділетті қоғам орнатудың басты алғышарты заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Сол себепті Шымкент қаласының құқық қорғау органдары да халықпен тікелей байланыс орнатып, қоғамдағы ең өзекті мәселелермен танысып, олардың заң аясында шешімін табуына ықпал етіп отырады. Сондай ақ жергілікті жерде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдарды түсіндіру, елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту болып табылады.

Қаратау ауданы Полиция басқармасының бастығы «Пахтакор» елдімекенінің тұрғындарымен кездесті

Қаратау ауданы Полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Данияр Жорабайұлы Плалов ауданның әкімшілік аумағына кіретін «Пахтакор» елдімекеніне арнайы барып, жергілікті ауыл билерімен кездесті.

Кездесуге қалалық маслихат депутаты, инвестиция және жайлы ортаны дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Ноян Назарұлы Төлегенов те қатысты. Полиция подполковнигі Данияр Жорабайұлы аумақ халқын толғандырған өзекті мәселелер бойынша сауалдарға жауап берді.

«Соңғы уақытта елдімекенде ұрлық жайты белең алуына байланысты жергілікті тұрғындармен кездесу үшін арнайы келдім. Ауыл ақсақалдарымен ақылдаса отырып, қылмыстың алдын алу мәселелеріне тоқталдық. Кездесу барысында азаматтар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша жеке құрамға бірқатар тапсырмалар берілді. Қойылған тапсырмалардың орындалу барысы өзімнің жеке бақылауымда болады», — деді Қаратау ауданы Полиция басқармасының бастығы.

Атап өтсек, тұрғындар ұрлық жайттарын болдырмау және бұл қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту туралы өтініштерін білдірді.

Өз кезегінде, полиция подполковнигі азаматтардың тарапынан қойылған барлық ұсыныс-тілектер жан-жақты қарастырылып, оларды іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді.

Айта кетейік, аталған бағыттағы халықпен кездесулер алдағы уақытта «Нұрсәт» шағынауданында жалғасын табатын болады.