Бүгін “AMANAT” партиясының Шымкент қалалық филиалында жоспарлы жеке қабылдау өткізілді. Алғашқы болып «Нұрсәт-3» шағын ауданындағы №101 үйдің тұрғындары келіп, өзекті мәселелерін көтерді.
Олар бірінші қабатта орналасқан «Атамекен» балаларды оңалту орталығына қатысты кәсіпкерлер мен тұрғындар арасындағы бірқатар түйткілдерді ортаға салды. Қабылдаудан соң арнайы мекенжайға барып, жағдайды өз көзіммен зерделедім. Құрылыс саласы, тұрғын үй және КСК өкілдері шақырылып, тұрғындармен бірге шешу жолдары қарастырылды. Заң аясында анықталған кемшіліктерді түзету үшін нақты мерзім қойылып, аталған жұмыстар жеке бақылауға алынды.
Сонымен қатар қабылдауға «Алтын Орда», «Таскен» және «Мирас» шағын аудандарының тұрғындары да қатысып, аяқжолдардың сапасы, инженерлік инфрақұрылым, санитарлық тазалық, идеологиялық бағыттағы мәселелер мен әлеуметтік көмекке қатысты сұрақтарын қойды. Әсіресе, жаяу жүргіншілер жолдарының тарлығы мен жарықтандырудың жеткіліксіздігі тұрғындардың алаңдаушылығын туғызды. Бұдан бөлек, кейбір аумақтарда қоқыс шығару кестесінің сақталмауы, балалар алаңшаларының жөндеуді қажет етуі де сөз болды.
Жалпы қабылдау барысында 16 азаматтың өтініш-тілектері тыңдалып, әрбір мәселенің шешу жолдары бойынша түсініктемелер берілді. Қажетті ұсыныстар тиісті мекемелерге жолданып, нақты іске асыру тетіктері белгіленді. Жауапты органдарға берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынатыны айтылды.
“AMANAT” партиясының қалалық филиалында жүйелі түрде өткізіліп отырған қабылдаулар тұрғындардың көкейіндегі мәселелерді тікелей жеткізуге, ал жауапты органдар тарапынан оларды жедел қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, қаладағы әлеуметтік ахуалды жақсартуға ықпал етуде.