Азаматтарға арналған қабылдау бөлмесі қарқынды жұмыс жасауда

Қалада халық арасында қордаланған құқықтық және әлеуметтік мәселелер өте көп. Халық өзінің жеке мәселелерін, арыз-шағымдарын билікке жеткізуі ашық әрі қолжетімді болуы қажет. Осындай кезде билік тарапынан халықтың әлеуметтік-құқықтық өтінімдерін қабылдау үшңн оларға қолайлы жағдай жасау керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында басым бағыттарының бірі  «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы.  Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс.

Шымкент ҚПД Еңбекші ауданы Полиция басқармасы ғимаратының алдындағы фронт-офис халыққа қызмет етуде. Азаматтарға арналған қабылдау бөлмесі мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету және халыққа қызмет көрсету сервисін заманауи талаптарға сай жүзеге асыру мақсатында ашылған болатын. Мұнда келген халық өзіне қажетті кеңесін алып, өтініштері мен басқа да құжаттарының қысқа мерзімде қабылдануына мүмкіндік алған.

Азаматтарға арналған қабылдау бөлмесіне келуші халықтың ыңғайлылығы үшін күту орындары, арнайы ресепшн орнатылған. Арыздардың басым бөлігі — әкімшілік тәжірибе, қылмыстық істерді тергеу мәселелеріне қатысты болғандықтан, фронт-офис алаңында осы мәселелерге қатысты құзыретті қызметкерлер, яғни жергілікті полиция қызметі, әкімшілік полиция бөлімдерінің қызметкерлері, анықтаушылар мен тергеушілер қызмет көрсетеді.

Атап өтер жайт, жыл басынан бері аталған фронт-офиске 794 азамат арыз-шағыммен жүгінген.

Осы ретте, Сіз де ішкі істер органдарына қатысты мәселеңізбен өз ауданынызға қарасты Полиция басқармасының азаматтарды қабылдау бөлмесіне келіп, құқықтық кеңес алып, заңсыз әрекеттер бойынша арыздана аласыз.