Шығарып салу рәсімі Шымкент қаласы полиция департаментінің мәжіліс залында өтті. Жиында сөз бастаған полиция генерал-майоры Думан Таев ІІО-ның дамуына және халық алдында полицияның оң имиджін қалыптастыруға елеулі еңбек сіңірген, ақпарат саласында айрықша орны бар, полиция полковнигі Салтанат Бегімбайқызына Отанға адал қызметі үшін алғыс білдірді.
40 жылдан астам еңбек өтілі бар, қоғамда зор беделге ие, өз ісіне тиянақты, шындыққа тура қарайтын погонды полицей халық пен билік арасындағы алтын көпірге айнала білді.
Бұған дейін, полковник Салтанат Қаракөзова Ақтөбе, Алматы, Астана, Көкшетау, ОҚО, Түркістан және Шымкент қалаларының полиция департаменттерінде жұмыс істеген. Бүгін де, полицияда қызмет етудің шекті жасына жетуіне байланысты құрметті демалысқа шықты.
Осыған байланысты полиция департаментінің бастығы Думан Әшкенұлы оған алғыс хат, гүл шоқтары мен арнайы сый-сияпаттарды табыстай отырып, өмірінің ең қымбат жылдарын полициядағы қиын қызметке арнағаны үшін, алға қойған міндетті адалдықпен атқарып, жас буынға үлгі болғаны үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, қатардағы әріптестері де Салтанат ханымның іскерлігі мен кәсіби шеберлігін ерекше атап өтіп, құрметті демалысқа шығуымен шын жүректен құттықтады.
Өз кезегінде Салтанат Бегімбайқызы айтылған ізгі тілектер мен айрықша сый-құрмет үшін алғыс білдіріп, тәртіп сақшыларының қызметіне шығармашылық шабыт тіледі.