Қазақстанда автожол саласындағы кадр тапшылығын шешуге бағытталған жаңа цифрлық жоба іске қосылды. «JOLSHY» деп аталатын бірыңғай біліктілік базасын Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетімен бірлесіп Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институты (ҚазжолҒЗИ) әзірледі. Жүйенің басты мақсаты саладағы адами капиталды басқаруда ашықтық орнатып, кадрлық резервті нығайту.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, кәсіби білім беруді реформалау және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруды тапсырған еді. «JOLSHY» осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі болып отыр.
Көп жылдан бері көлік құрылысы бойынша дербес білім беру бағдарламасының болмауы саланың кадрлық әлеуетіне әсер етті. Жас мамандар заманауи материалдар мен стандарттарды білмей жұмысқа кірісіп, техникалық қадағалау инженерлері ашық бақылаудан тыс қалды. Ал мердігерлер кейде аяқталмаған нысандарды тастап, жаңа жобаларға кірісетін. Соның салдарынан жол сапасы төмендеп, қоғам сенімі әлсіреп, тәуекелдер артты.
«„JOLSHY“ біліктілік базасы бұл жағдайды өзгертетін жаңа құрал болмақ. Платформа алғаш рет студенттерден бастап тәжірибелі инженерлерге дейінгі барлық мамандар туралы деректерді біріктіреді. Базаға бүгінде екі мыңнан астам пайдаланушы тіркелді. Жүйеде мамандардың білімі, еңбек өтілі мен біліктілікті арттыру курстарынан өткені жайлы ақпарат сақталады. Жұмыс беруші нақты мәліметтерге қол жеткізсе, түлектер тәжірибеден өтіп, мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады», – деді «ҚазжолҒЗИ» өкілдері.
Студент базаға алдын ала тіркеліп, қалаған компаниясында тәжірибеден өте алады. Оның студенттік құрылыс жасақтарындағы (СҚЖ) тәжірибесі де жүйеде белгіленіп, кейін жұмысқа орналасуда шешуші фактордың біріне айналмақ. Жұмыс берушілер инженердің тек түйіндемесін емес, расталған кәсіби деректерін көреді. Енді техқадағалау инженерлері де жауапкершіліктен жалтара алмайды, олардың аты-жөні жүйеде тіркеліп, жұмыс нәтижелері бақылауға қолжетімді болады.
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жол саласы қызметкерлері үшін біліктілікті міндетті түрде арттыру талабы күшіне енеді. Бұл үдеріс те «JOLSHY» арқылы тіркелмек. Жақын арада база «e-License» және «Enbek.kz» мемлекеттік жүйелерімен біріктіріліп, ұлттық цифрлық инфрақұрылымның бөлігіне айналады деп күтілуде.
«JOLSHY» бұл жай ғана база емес. Ол кадр тапшылығын жоятын, ашықтықты күшейтетін және кәсіби өсудің жаңа мүмкіндіктерін ашатын құрал. Сала мамандарының біліктілігі артқан сайын, жолдардың сапасы мен қауіпсіздігі де жақсарады деп күтілуде.
«ҚазжолҒЗИ» АҚ ресми өкілі Айнаева Адина