Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында өндірістік кәсіпорындардың, білім беру және инфрақұрылым нысандарының жұмысымен танысты.
Алдымен қала басшысы «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан «Кирал Достық» аяқ киім фабрикасына барды. Кәсіпорын жылына шамамен 1 миллион жұп аяқ киім шығарып, 110 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнімдері Ресей мен Қырғызстанға экспортталады. Әкім жауапты мамандарға колледж студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізу мәселесін пысықтауды тапсырды. Бұл қадам жас мамандардың кәсіби дағдыларын арттырып, отандық өндірістің әлеуетін көтеруге бағытталған.
Бұдан соң Ғабит Сыздықбеков картонның ПКС маркасын және дәретхана қағазын өндіретін «БумПром» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Кәсіпорынның тәуліктік қуаты – 50 тонна, мұнда 70 жұмыс орны ашылған. Қала әкімі Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына өнім өткізуге жәрдемдесіп, мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз етуді тапсырды.
Одан әрі әкім Көккелді батыр көшесіндегі теміржол үстінен өтетін көпірдің күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді. Құрылыс компаниясына барлық нормалар мен стандарттарды сақтай отырып, жұмысты жеделдету міндеті жүктелді. Көпірдегі көлік қозғалысын осы айдың соңына дейін ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қала басшысы Әл-Фараби және Тұран аудандарындағы №1 және №2 есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттарды аралап, оқу процесі мен материалдық-техникалық базаның жағдайымен танысты. Балаларды оқыту мен тәрбиелеуде жүйелі тәсілді сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, білім сапасын одан әрі арттыру қажеттігін айтты.
Әрі қарай Ғабит Сыздықбеков Арғынбеков пен Бәйтереков көшелерінің қиылысында абаттандырылған жасыл аймақты көрді. Аумағы 2 200 шаршы метр болатын жаңа қоғамдық кеңістікте көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Алдағы уақытта мұнда фонтан орнатып, гүлзарлар санын көбейту жоспарланған.
Қала әкімі Бәйтереков көшесінің күтімін де тексеріп, аудан әкімі мен Жайлы ортаны дамыту басқармасына тазалықты күшейтіп, қоқысты дер кезінде шығаруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, мұндай кешенді жұмыстардың басты мақсаты — қаланың өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы, таза және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.
