Арыс қаласының әкімі «Айбын-2021» VIІ республикалық әскери-патриоттық сайысының үздігі атанған Арыс қаласының «Барыс» әскери-патриоттық клубының мүшелерін марапаттап, құрмет көрсетті. Биыл Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған сайыста «Айбын дарыны», «Айбын жұлдызы», «Мейірімділік біріктіреді», «Smart Sarbaz-2021» зияткерлік және шығармашылық байқауы, сондай-ақ, әскери-қолданбалы спорт пен алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша жарыс түрі енгізілген болатын. Ал іс-шараға еліміздің барлық өңірінің өкілдері бейнебайланыс арқылы қатысуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде, Түркістан облысы Арыс қаласының «Барыс» әскери-патриоттық клубы бірінші орынды иеленді. «Біз бүгін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен қаламыздың 65 жылдығы аясында айрықша қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. 51 команданың ішінен I орын алған «Барыс» клубының бұл жолғы жеңісінің ерекшелігі сол – олар «Патриоттар мекені» номинациясын иеленіп, Түркістан облысының қоржынына тағы бір жеңіс сыйлады. Сондықтан да бұл жеңіс біздің, Арыс қаласының ғана абройын асқақтатпай, тұтас Түркістан өңірінің мерейін үстем етті», – деді Гүлжан Құрманбекова. Айта кетейік, «Барыс» әскери-патриоттық клубы соңғы үш жыл ішінде республика бойынша өткен сайыста қатарынан үш рет жеңімпаз атанған.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі