Қаратау ауданы әкімі бастаған кезекті аралау жұмыстары «Тассай» тұрғын алабынан басталды. Жергілікті тұрғындармен кездесуде ең алдымен ішкі көшелерді жарықтандыру мәселесі көтерілді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдету қажеттігі айтылып, тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берілді.
Аралау барысында бірқатар заңбұзушылықтар да анықталды. Атап айтқанда, көшеге құрылыс материалдарын заңсыз төккен азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар аумақтың санитарлық тазалығы, заңсыз жарнамаларды жою және аяқжолдарды ретке келтіру мәселелері басты назарға алынды. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы тұрмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Осыдан кейін Осиет және Дастан көшелеріндегі асфальттау жұмыстарынан кейінгі жағдай тексерілді. Әсіресе, канализация құдықтарының ашық қалуы, құрылыс қалдықтарының дер кезінде тазартылмауы сияқты олқылықтар анықталып, қатаң бақылауға алынды. Әкімдік өкілдері мердігер мекемелерге жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтау жөнінде нақты ескерту жасады.
Аралау жұмыстары Алатау батыр кешесінде жалғасын тапты. Мұнда ішкі және магистральді көшелердің жарықтандырылуы тексеріліп, аулалардың абаттандырылуы мен жол қауіпсіздігі мәселелері қаралды. Жергілікті тұрғындар өз ұсыныстарын білдіріп, кейбір аулаларда балалар алаңшасын жөндеу қажеттігін айтты. Сонымен қатар қоғамдық орындардың жарықтандырылуы мен қоқыс алаңдарының санитарлық жағдайы да талқыланды.
Аудан әкімі Алмас Абаев тұрғындар көтерген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, барлық өтініштер кезең-кезеңімен қаралып, шешу жолдары белгіленеді. Әкім халықпен бетпе-бет жүздесіп, өзекті мәселелерді дер кезінде анықтаудың тиімділігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, алдағы уақытта да осындай аралау жұмыстары тұрақты түрде жалғасып, аудан аумағындағы инфрақұрылым мен қоғамдық тәртіпті жақсартуға басымдық берілетінін жеткізді.