Қаратау ауданында қоғамдық тазалық жұмыстары күшейтілді

қоғамдық тазалық жұмыстары

Қала мәдениетінің көрінісі – тазалық пен тәртіп. Осы ұстанымды басшылыққа алған Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімдігі 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында қоғамдық тазалық жұмыстарын жаңа деңгейге көтерді.

Аудан аумағында 896 көше, 603 көпқабатты үй, 210 аула бар. Осы инфрақұрылымды күтіп-ұстау мақсатында күнделікті санитарлық тазалық, күл-қоқыс шығару, ирригациялық жүйелерді тазалау, аулалар мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту жұмыстары тұрақты жүргізілуде.

«Қаратау – тұрғын саны жылдан-жылға артып келе жатқан аудан. Халық саны артқан сайын тазалық мәселесі де өзекті. Биыл ауданда 63 техника мен 250-ден астам жұмысшы санитарлық тазалық жұмыстарына жұмылдырылып отыр. Басты мақсат – таза және жайлы ортаны қалыптастыру»., дейді жауаптылар.

Абаттандырылған аулаларда 100-ден астам қоқыс жәшігі жаңартылып, тұрғындардың сұранысы бойынша қосымша жәшіктер орнатылды. Сонымен қатар, көпқабатты үйлер аумағында 130 бейнебақылау камерасы қойылып, рұқсатсыз қоқыс тастау әрекеттері бақылауға алынды.

Жалпы, аудан аумағында 23 гүлзар мен 2 саябақ бар. Бұл нысандарда да тазалық жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Көктем-күз мезгілдерінде сенбіліктер ұйымдастырылып, тұрғындардың қатысуымен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған акциялар өткізіледі.

«Біздің ауланы аптасына екі рет тазартып кетеді. Бұрынғыдай қоқыс жиналып қалу жоқ. Ең бастысы – тұрғындар да осы іске жауапкершілікпен қараса деймін, дейді аудан тұрғындары».

Қоғамдық тазалық – тек әкімдік пен мердігер мекемелердің ғана емес, әр тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Қаратау ауданы әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды тұрғындармен бірге бірлесе атқару арқылы экологиялық мәдениетті арттыруды көздейді.