Кәсіптік білім беру —  білім беру жүйесінің маңызды саласы

Бүгінгі таңда жаһандану мен индустрия­ландыру жағдайында сапалы жұ­мысшы кадрларды даярлау – кез келген мемлекеттің саясатындағы негізгі мін­деттің бірі.

Жастарға кәсіптік білім беру, оларды жұмысшы мамандықтарына даярлау, мамандарды қайта оқыту және олардың біліктілігін көтеру – мемлекетіміздің білім беру саясатының негізгі бағыттарының бірі. Ел экономикасының қуаты кәсіптік білім беру жүйесінің өндіріс орындарын білікті жұмысшылармен жеткілікті қамтамасыз етуіне тікелей тәуелді.

Кәсіптік білім беру — өнеркәсіп, ғылым, техника және мәдениеттің әртүрлі салалары үшін жоғары, орта және төменгі білікті мамандар даярлау оқу орны. Кадрларды кәсіптік даярлау – білім беру жүйесінің маңызды саласы, мамандар мен жұмысшыларға кәсіптік білім беру, оларды мамандыққа даярлау, қайта оқыту және олардың біліктілігін көтеру. Маман даярлау жалпы білім беру базасы негізінде кәсіптік колледждерде жүзеге асырылады.

Шымкентте «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жоба аясында жұмыс беруші мекемелерде 760 адамды кәсіптік оқытудан өткізу жоспарланған. Жұмыс орындарында азаматтарға кәсіптік білім беріп, соңынан жұмысқа қабылдауға ниетті 35 жұмыс берушінің өтінімі бүгін комиссия отырысында қаралды.

Мекемелерден негізінен құрылыс жұмыстарының шебері, дәнекерлеуші, компьютер және түрлі техникалық құрал операторлары, балабақша қызметкерлері, тігінші, жол-құрылысы көлігінің машинисі сияқты жұмыс орындары бойынша кәсіптік білім беруге 2 мыңнан астам өтініш түсті.

Комиссия отырысында жұмыс беруші компаниялардың тәжірибесі, біліктілігі мен оқыту және жұмыспен қамту мүмкіндігі сараланды. Сондай-ақ іріктеуде кәсіпорындардың салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты түрде жүргізулері, жалақы бойынша берешегінің жоқтығы және бір жылдан аса қызмет ететін материалдық — техникалық базасының болуына назар аударылды.

Жалпы, кәсіптік оқытудың ұзақтығы 3 ай мерзімді құрайды. Оқу сәтті аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссыз азаматты әлеуметтік келісімшарт негізінде жұмысқа орналастыруға міндетті.

Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, қалада тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Үміткердің мүгедектігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) жұмысқа қабілеттігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет.