Қоғамдық орындардың тазалығы – бақылауда

Қоғамдық орындардың тазалығы

Шымкент қаласының абаттандырылған аумақтарының тазалығы – тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Осы орайда қалалық жайлы ортаны қалыптастыру басқармасы қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын тұрақты түрде қадағалап келеді.

Қала тұрғындары мен қонақтары жиі баратын саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер жолақтары, аялдамалар және демалыс аймақтары күн сайын арнайы мамандардың бақылауында. Басқарма өкілдері мердігер мекемелермен бірлесе отырып, тазалық жұмыстарының сапасын тексеріп, ақаулар анықталған жағдайда дереу шара қолданады.

Әсіресе, халық көп жиналатын орталық көшелер мен қоғамдық орындарда тазалықтың сақталуына ерекше мән беріледі. Қоқыс жәшіктерін уақытылы босату, жасыл аймақтарды күтіп-баптау, көгалдарды суғару және көше бойындағы заңсыз қоқыс тастау фактілерін болдырмау – күн тәртібінен түспейтін негізгі міндеттердің қатарында.

Жайлы ортаны қалыптастыру басқармасы тазалық жұмыстарын үйлестірумен қатар, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған түсіндіру іс-шараларын да жүйелі түрде жүргізуде. Әлеуметтік желілер арқылы халыққа үндеу жасалып, тазалық – ортақ жауапкершілік екені жиі ескертіледі.

Сонымен қатар басқарма өкілдері апталық мониторинг жүргізіп, нәтижесін қала әкімдігіне ұсынып отырады. Бұл бақылау жүйесі мердігер ұйымдардың жұмысын жандандырып, қоғамдық орындардың тазалығын үздіксіз сақтауға мүмкіндік береді.

Қаратау ауданының тұрғыны Нұрлан Бекжан да тазалықтың сақталуына көңіл бөлінгеніне қуанышты екенін жеткізді:

«Біз отбасымызбен жиі саябаққа келеміз. Соңғы жылдары тазалық жұмыстары жақсарғанын байқаймыз. Дегенмен әр тұрғын өз үлесін қосса, қаламыз одан да көркейе түсер еді», – деді ол.

Қала әкімдігі алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, Шымкент тұрғындары үшін қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыруды жалғастыра бермек. Қоғамдық орындардың таза болуы – тек арнайы мекемелердің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті екенін естен шығармаған жөн.