Шымкентте қызылшамен ауырған науқастар саны көбейген. Жыл басынан бері қалада 4795 жағдай тіркеліп, 2026 диагноз расталған. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері мен санитар мамандар ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
–Жыл басынан бері 167 мектептен 721 оқушы және 337 балабақшадан 1943 бала қызылшамен ауырған. Бүгінгі таңда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 238 пациент (33 ересек, 205 бала) стационарлық ем алуда. Осы орайда Шымкент қаласының тұрғындары арасында қызылшаның таралуына жол бермеу мақсатында нақты шаралар қабылданды. Атап айтсақ, қалада қызылшаның одан әрі таралуын азайту және алдын алу бойынша қалалық штаб құрылды. Эпидемиологиялық ахуалды бақылап, қызылшаның таралуын қадағалау мақсатында күнделікті мониторинг жүргізіледі, – деді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева.
Эпидахуалға байланысты қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының төсек қоры 120-дан 240 төсекке дейін көбейтілген. Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді жолы вакцинация екенін атап өтті.
Бүгінде қызылшаның асқынуынан құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит және орталық жүйке жүйесінің жұмысы зақымдалып, жүйкенің қабынуынан өзгерістер көп болады. Сондықтан мамандар әрбір адам суық тиіп мазасызданған сәттен бастап, дер кезінде дәрігерді үйге шақыртып, тексеріліп-қаралу керек, дейді.
–Уақтылы диагноз қойып, ем тағайындаған жағдайда ауру ошағын жойып, әрі қарай таралуына жол бермеуге болады – дейді мамандар.