Заңды білу құқық қорғау органдары мен заңгерлердің ғана жұмысы емес. Заң талаптарын бүкіл халық білу керек. Сонда ғана халық өзінің заңды құқығы мен заңды жауапкершілігін түсінетін болады. Сонда ғана мемлекеттің құқықтық мәдениетті артып, халықтың құқықтық санасы толық қалыптасады. Сонда ғана демократиялық және құқықтық мемлекет құруға мүмкіндік туады. Заңдық сауаттылық азаматтық қоғам қалыптастырудың аса маңызды негіздерінің бір деуге болады. Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға және шешімін таппаған мәселелеріне жөн сілтеу мақсатында Халық заңгері» акциясы өтуде. Шымкенттегі «Арбат» алаңында өткен құқықтық шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков те келді.
Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауатын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Бұл күні тұрғындар еліміздің ең мықты заңгерлерінен тегін кеңес алды. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың өкілдері және басқарма басшылары бар.
«Халық заңгері» акциясын өткізу елімізде дәстүрге айналған. Жылдан-жылға іс-шараның ауқымы кеңейіп келеді. 2016-2023 жылдар аралығында акцияға 8 мыңнан астам үздік сарапшы және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғариннің айтуынша, тұрғындар негізінен жұмыспен қамту, мемлекеттік сатып алу, жер мәселелері бойынша кеңес алуда. Департамент басшысы акция қорытындысы бойынша хаттама түзіліп, азаматтардың шағымдары тиісті мекемелермен бірлесе, заң тәртібіне сәйкес шешімін табатынын атап өтті.
Айта кетсек, акцияны ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz порталы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік органдар және Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары.
Заң — өркениетті қоғамның ажырамас маңызды түйіні. Адамзат баласының алға басқан қадамын жебейтін тірегі, жаңа дәуріге аяқ басқалы жер шарын бірқалыпта ұстап тұрған жүрегі. Заңы кемелді, құқықтық мәдениеті дамыған елде нағыз демократия орнайды. Заңның үстемдігін қалыптастыру және қорғауды халықтың құқықтық мәдениетін өсіруден бөліп қарауға келмейді, жауаптылар тұрғындарға осылай деп, құқығын білген қор болмайтынын жеткізді.