Республика күні  –  ұлттық рухты ұлықтайтын мереке

«Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» дейді қазақ нақылында. Расында, бұл ақиқат. Кәрі тарих қате айтпайды.

Дүние жүзінде отарлаудың алдыңғы көшінде ағылшындар болған ғой.Бұл жайында Африка халықтарының көсемі былай дейді. «Ағылшындар біздің елімізге келгенде олардың қолында Библия, ал біздің жеріміз болды. Кейін қарасаң біздің қолымызда Библия, ал біздің жер ағылшындардың қолында екен».
Міне, біреуге отар болудың қасіреті. 25-і қазан – Қазақстанда Егемендіктің Декларациясы қабылданған күн болып тарих парағына жазылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былай дейді:

– 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деді Президент.

Ұлтым өзбек болса да, мен өзімді қазақтың бел баласындай көремін. Өйткені, осында өстім, өркендедім, бақытымды таптым. Мереке құтты болсын, ағайындар! Жаңа Қазақстанымыз өркениетті елдердің қатарынан өз орнын ойып аларына сенеміз.

Икрам ХАШИМЖАНОВ,
Республикалық «Дуслиг» өзбектер қауымдастығының төрағасы