Құқық бұзушылықтың алдын алу — басты міндет. Құқықтық мәдениетті арттыру, халықтың құқықтық санасын дамыту тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет құруға ықпал ететін азаматтық қоғамды қалыптастырудың маңызды өлшемдері болып табылады. Азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыру, азаматтар бойындағы Заңға құрмет сезімін ояту мәселелері барлық мемлекеттік органдардың стратегиялық бағыттарының бірі болады.
Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, аутодеструктивті мінез-құлықтың, зорлық-зомбылықтың, буллинг және кибербуллингтің алдын алу бойынша кездесу ұйымдастырылды. Ата-аналардың қатысуымен өткен басқосуда кұзырлы орган өкілдері мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне тоқталды.
Маңызды мәселе аясында Түркістан қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Береке Жұмабаева мен Түркістан ҚПБ-ның ЖПҚ бөлімінің ювеналдық полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Елжас Асанов түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мәселен, жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық орталықтары мен компьютерлік ойынханаларда жүрмеуін қадағалау керектігі ескертілді.
Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасованың айтуынша, балалардың сапалы біліммен қатар саналы тәрбие алуы үшін ұстаздардан бөлек ата-ананың да орны мен рөлі айрықша. Сондықтан, өскелең ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына қоғам болып үлес қосу әрдайым бірінші кезекте тұруы қажет.
Кездесу барысында ата-аналар тарапынан ұсыныс білдіріліп, құзырлы орган өкілдерімен ашық диалог орнатты. Пікір алмасу форматында өткен жиынға қатысушыларға құқықтық тәрбиеге негізделген жадынамалар таратылды.
Ntime.kz