Қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі кезде өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру арқылы оларды дұрыс жолмен жүруді үйретеміз. Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру өте маңызды. Құқықтық сауаттылықты арттыру құқықтық тәрбиемен келеді.
Білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияда «Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында мектебіміздің түлектері Еңбекші аудан прокуратурасының прокуроры Әмірхан Абзал Мейірханұлы мен ҚР Бас Прокуратурасының жанындағы Құқық Қорғау Академиясының тыңдаушысы Айдос Мухитұлының қатысуымен кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты-жастар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, зорлық-зомбылық туралы мағлұмат беру, әлімжеттіктің алдын алу.Кездесуде Абзал Мейірханұлы Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі 23.00-ден кейін көшеде ата-анасының немесе заңды өкілінің еруінсіз жүруге тыйым салынғанын айтып, жалпы түсінік беріп өтті. Жасөспірімдер арасында кеңінен тараған заң бұзушылықтың, қылмыстың ахуалы мысалдар ретінде келтірілді және қылмыс істегені үшін жауапкершіліктердің түрлері түсіндірілді.
Айдос Мухитұлы қазіргі кездегі қоғамдағы құқықбұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шаралар жайлы сөз қозғады.
Кездесу соңында түлектеріміз білім берген ұлағатты ұстаздарына алғыс айтып, оқушыларды мектеп атын жақсы жағынан шығаруға шақырды.