Бір тәулік ішінде қоғамдық көлік жүргізушілерімен жасалған 98 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған

Шымкентте жол апатын азайту, жолаушылар мен жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілердің мәдениетін арттыру, жол қозғалысын бақылау және қадағалау мақсатында 5-11-желтоқсан аралығында «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы басталды.

         Шымкенттік тәртіп сақшылар Көліктік бақылау инспекциясының аумақтық бөлімшелерімен, көліктік прокуратура және қоғамдық бақылау өкілдерімен бірлесіп, желіге шықпас бұрын қалалық автобустардың техникалық жағдайын, жүргізушілердің тіркеу құжаттарының болуын тексереді.

Сондай-ақ, автобустарды нормативтер мен стандарттардың талаптарын бұзып басқару және пайдалану фактілерін, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтауды анықтау, жүргізушілер мен автобустарды жолға шықпай тұрып медициналық және техникалық тексеру шараларын, жүргізушілердің еңбек пен демалыс режимін сақтауын тексеру бойынша шаралар өткізеді.

Сонымен қатар, жолаушылар көлігі жүргізушілерінің тарапынан құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірқатар шараларды қабылдау жоспарланған.

         Шара аясында тәртіп сақшылары қоғамдық көліктердегі жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында автобус жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзу жайттарын алдын алу бойынша жұмыстарды күшейтті. Осылайша мегаполисте бір тәулік ішінде қоғамдық көлік жүргізушілерімен жасалған 98 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

         Атап айтқанда,

— жолаушыларды, багажды және заттарды тасымалдау ережесін бұзу – 5;

— тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқару – 9;

— рейс алдындағы техникалық және медициналық қарап тексеруден өтпеу – 6;

— техникалық байқаудан өтпеу – 12;

— ұялы телефон пайдалану – 13;

— маневр жасау қағидаларын бұзу – 5;

— шығарындыларда ластаушы заттардың болуы нормативтен асып кету – 3;

— рейс алдындағы техникалық және медициналық қарап тексеруден өтпеу – 2;

— Көлік құралдарын пайдалануға тыйым салу(айыптұраққа қою) — 1;

— Автобус парктерінің лауазымды тұлғаларының әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны – 2.

         Тәртіп сақшылары жол қозғалысының барлық қатысушыларынан жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауды сұрайды.