Әке жолын жалғап, бүгінде өрт сөндіру қызметінде белсенді қызмет атқарып жүрген мамандардың бірі- Қуаныш Көлбаев. Әкесі Өмірбек Әбдірұлы Көлбаев сонау 1982 жылдан бастап өр сөндіру кезекші қызметіне өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі болып қызметке тұрып, аталған бөлімде 20 жылдан аса уақыт абыройлы еңбек етіп, 2005 жылы зейнеткерлікке шыққан. Жастайынан өрт сөндіру саласымен таныс болып, әкесінің жұмысына қызығып өскен Қуаныш Өмірбекұлы орта мектепті тамамдағаннан соң 2007-2011 жылдар аралығында Көкшетау техникалық институтында оқып, өрт қауіпсіздігі инженері мамандығын алып шықты. Одан кейін кадр қызметі бөлімінің инспекторы, №3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, №1 мамандандырылған жасақтың ауысым жетекшісі, осы жасақтың бастығының орынбасары, №5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы лауазымдарында қызмет атқарған ол қазіргі таңда №5 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарып жүр. Осы жылдары аралығында белсенді, үлгілі қызметі үшін қала әкімінің алғыс хаттарымен, Ішкі істер министрінің алғыс хатымен марапатталған. Әкесінің сенімін ақтап, жолын жалғап ел игілі жолында қызмет етіп жүрген ұлын Өмірбек Әбдірұлы мақтан тұтады. Расында, ұлдың нағыз ер азаматқа тән өр мінезді қайсар, батыл, намысшыл, елжанды болып ержетуі үшін әкенің үлгісінің, өнегелі тәрбиесінің ролі зор екені сөзсіз. Әсіресе, ел қауіпсіздігін қорғайтын азаматтық қорғау саласында нағыз ердің ері атқаратын өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығы бойынша еліне қызмет етуге бел буған азаматтардың арқасында ұрпақ сабақтастығының жалғасуы — құптарлық құбылыс.
С.ШоймановШымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі