Әл-Фараби ауданы Шымкент қаласының орталығында орналасқандықтан ауыз су, электр жарығы толық тартылған. Табиғи газбен қамтылуы 99,9 пайызды құрап отыр. Қазіргі таңда Сәуле шағынауданындағы 276–орамда табиғи газ құрылысы аяқталып, абоненттеу жұмыстары жасалып жатыр. Қарашаның соңында бұл аумақ көгілдір отынның игілігін көреді. Баспасөз брифингте аудан әкімі Рашид Мыңбаев осылай деді.
Аудандағы 390 көшенің 90,4 пайызына асфальт төселген, қалғаны тас жолдар. Биыл ұзындығы 20,9 шақырым болған 12 орталық көшеге ағымдағы жөндеу жүргізіліп, асфальт қабаты төселген. Ішкі орамнан 29 көшеге құрылыс жүргізу жоспарланып, қазір 26 көше жөндеуден өтіпті.
Осы жылдың сәуір айында аудан әкімдігіне қарасты «Әл-Фараби» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында 39 қызмет түрін жүзеге асыруда. Көрсететін қызметтердің ішінде балалар және спорт алаңшаларын күтіп-ұстау, кепілдік мерзімі аяқталған алаңшаларға ағымдағы жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру, зираттар мен өзге де жерлеу орындарын күтіп-ұстау, ауданның теңгеріміндегі барлық мүлікті күтіп- ұстау, көпқабатты үйлердің ауласын, ішкі орам көшелердің санитарлық тазалығы және бей-берекет жиналған қоқыстарды жинау, көпқабатты тұрғын үйлерде қысқы маусымға дайындық кезінде сығымдау жұмыстарын ұйымдастыру және т.б. жұмыстар бар.
–Бүгінге дейін мекеме қызметкерлері 93 көпқабатты үйдің ауласындағы орындық тақтайшаларын ауыстырып, ойын алаңшаларындағы істен шыққан элементтерді, спорт алаңшасы қоршауларын қайта қалпына келтірілді. Сондай-ақ, 12 жаяу жүргінші жолын қайта қалпына келтірді. Мекеме қызметкерлері жыл бойы осындай қызметтерді атқара береді. Мекеменің тиімді тұсы – олқылық орын алса, дер кезінде жоюға мүмкіндік бередіі — деді аудан әкімі.
Р.Мыңбаев өз сөзінде ауданың қысқы дайындығына да тоқталды. Ауданда 926 көпқабатты тұрғын үйдің 857-сі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қазір сығымдау жұмыстары аяқталып, барлық үйге жылу берілді. Ал, қар күреу жұмысы үшін орталық көшелерге 30 техника, 6000 текше метр құм, 1300 тонна тұз әзірленген. Ішкі орам көшелеріне 16 техника, 1351 текше метр құм, 1000 тонна тұз дайындалыпты.