23 қандас мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысқа орналасты

23 қандас

Ntime.kz. Халық саны тығыз орналасқанына қарамастан, көші-қон мәселесі бойынша тиімді іс-шараларды жүзеге асыру бары­­сында Шымкент қаласы да бірқатар бағыт­тағы жұмыстарды атқаруда. Биыл үшінші мегаполисте жыл басынан бері 110 отбасындағы 175 адам «қандас» мәртебесін алды. Ал, 6 айға ұзартқандар саны 13 отбасыдан 16 адамды құрады.

Қандас мәртебесін алғандардың 92-і ер, 83-і әйел, 48-і 18 жасқа дейінгі жасөспірім және 19 адам зейнет жасында. Оның ішінде 108 адам еңбекке қабілетті. Сондай-ақ, 19 адамның білімі жоғары, 51 адамның білімі арнайы орта кәсіптік және жалпы орта білімді адам – 33.

Атажұртқа қоныс аударушылардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасының үлесінде. Жыл басынан бері мегаполиске көрші елден 173 қандас көшіп келген. Ресейден – 1, Қырғызстаннан 1 адам қоныс аударған.

Қоныс аударғандардың басым бөлігі құрылыс саласы мен сауда-саттық және басқада өзге де жұмыстарды атқарып келеді.

Алғаш елге келген этникалық қазақтарды жаңа қоғамға бейімдеу үшін Шымкент қаласында 2008 жылдан бері «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру» орталығы жұмыс істейді. Орталықтың мақсаты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қандастар мен олардың отбасыларына 6 ай бойы бейімдеу және кіріктіру бойынша қызметтер көрсету болып табылады.

Қазіргі сәтте орталықта бейімдеу қызметін 17 отбасынан 49 адам алуда. Жалпы, қандастарды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру ісі де белсенді жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері Еңбек мобильділігі орталығына 48 қандас жүгініп, олардың ішінен 23 адам мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жұмысқа орналасты. Атап айтқанда, бос жұмыс орындарына – 9, Жастар практикасына – 3, Алғашқы жұмыс орнына – 7 және Күміс жас жобасына – 1 адам жолданды. Сонымен қатар, 6 адам «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде business.enbek.kz порталында кәсіп бастаудың алғашқы дағдыларын үйренді.