Елімізде қазан айының соңғы жексенбісі — әлеуметтік сала қызметкерлері күні болып бекітілген. Бұл мереке әлеуметтік қызметкерлердің қоғамдағы рөлін, олардың адамгершілік қасиеттерін және қиын жағдайдағы адамдарға көрсеткен көмегін бағалау мақсатында ұйымдастырылған. Әлеуметтік қызметкерлер әр түрлі әлеуметтік топтарға, соның ішінде зейнеткерлерге, мүгедектерге, және әлеуметтік қорғауды қажет ететін азаматтарға қолдау көрсетеді. Мереке қарсаңында оларға алғыс білдіру, қызметтерінің маңыздылығын атап өту дәстүрге айналған. Осы күнге орай Шымкент қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен мерекелік іс-шарасы өтті.
Салтанатты іс-шара басталудан алдын қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қаламыздағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін №1 ,2,5 және 6 орталығына микроавтобустың кілтін табыс етті. Бұған дейін микроавтобустың тапшылығын көрген мекемелер ендігі уақытта бұл кемшіліктің орны жойылды деп қуануда.
Мұнан кейін қонақтар әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан қызмет алушы ерекше жандардың қолымен жасалған қолөнер бұйымдарын тамашалады.
Салтанатты жиында Қуаныш Жұмабекұлы әлеуметтік сала өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.
-Сіздер күн сайын қаламыздағы көмекке мұқтаж, ерекше жандарға қол ұшын беріп, олардың өміріне жарық, мейірім, сенім сыйлайсыздар. Ауыр кезеңдерде сіздердің жұмыстарыңыздың маңызы зор. Әлеуметтік қызмет — тек қызмет емес, үлкен адамгершілік миссия. Айналасынан жәрдем күткен азаматтардың қайғысы мен қиындығын бөлісіп, бірге еңсеруге аянбай еңбек етіп жүрген Сіздердің әрбіріңіз құрметке лайықсыздар, — деген қала әкімінің бірінші орынбасары салада табысты еңбек етіп келе жатқан бір топ қызметкерге ҚР Еңбек және халықты әлеумкттік қорғау министрі мен қала әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов мүгедектігі бар адамдар мен қарттарға қызмет көрсетіп жүрген әлеуметтік қызметкерлерде кәсіби білім мен қатар адамгершілік, мейірімділік секілді асыл қасиеттердің болуы маңызды екенін атап өтті.
Мәслихат төрағасы саланың бір топ майталмандарын марапаттады.
Жиынға келген қонақтар концерттік бағдарламада “Мәдениет үйінің” өнерпаздарының өнерін тамашалады.