Шымкент қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы Шымкент қалалық ұйымының құрамындағы кәсіподақ белсенділерінің пленумы өтті. Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясымен жариялаған ағымдағы «Әлеуметтік әріптестік жылында» салалық кәсіподақ бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланып, елде және салада қалыптасқан жағдайларды ескере отырып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.Жиынға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, қалалық мәслихат депутаты Қуандық Сұлтанғали, кәсіподақ ардагерлері, білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағы жергілікті филиалының өкілдері қатысты.Пленумның күн тәртібіне сәйкес төрағалық еткен филиал басшысы Лариса Тұрғынбаева ең абыройлы да ықпалды ұйымның жұмыскер мәртебесін көтеруде атқарып жатқан еңбектерін саралап шықты. Ол өз баяндамасында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, еңбек дауларының алдын алу, жазатайым оқиғаларды болдырмау, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының еңбек ұжымдарындағы мәртебесін нығайту, кәсіподақ мүшелерінің бірлігі мен ынтымақтастығын дамыту мәселелеріне тоқталды. Жалпы атқарылған жұмыстан бөлек 2022 жылғы міндеттер туралы жан-жақты айтып өтті.Алқалы жиында сөз алған Бауыржан Әлтеев қатысушыларды «Алғыс айту күнімен» құттықтап, әлеуметтік әріптестік аясында кәсіподақтың өңірлік деңгейдегі маңыздылығына тоқтала келе, ең ірі кәсіподақ ұйымының болашақтағы мүмкіндіктері жайлы айтты. Сондай-ақ, ол кәсіподақтың қатысуымен жергілікті атқарушы органның алдында көтеріліп, оңтайлы шешімін тапқан білім беру жүйесі қызметкерлерінің мәселелері, жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын, мүдделерін қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.«Қала аумағында құрамына кәсіподақтар бірлестігі, әкімдік және жұмыс берушілер өкілі енген Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиясы жұмыс істейді. Атап өтерлігі — Кәсіподақтар бірлестігі өңірлік үшжақты комиссияда әкімдік және жұмыс берушілер өкілдерімен тең төрағалық етеді. 2021 жылы осы комиссияның 18 отырысы ұйымдастырылып, оның ішінде 3 отырыс көшпелі түрде өткізілді. Бұл көшпелі отырыстардың 2-уі Бірлестік ғимаратында бірлестік басшысының төрағалығымен, 1-уі бастауыш кәсіподақ ұйымында өткізілді. Қазіргі таңда еңбек жанжалдары мен қызметкерлердің наразылығының негізгі себептерінің бірі – кәсіпорындардағы жалақының төмендігі. Кәсіподақтар бірлестігімен комиссияның күн тәртібіне еңбек даулары, жалақы қарыздары және жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін көздейтін 16 мәселе енгізілді. Бұл мәселелердің басым бөлігі оң шешімдерін тапты» — деді Бауыржан Әлтеев.Басқосуда кәсіподақ саласында жүріп, шырайлы шаһардың өркендеуіне, онымен қоса экономикамыздың белсенді тобы – жұмыскерлердің мәртебесін көтеруде күш-жігерін салып абыройлы қызмет еткен бастауыш кәсіподақ басшыларына құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды.
Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы