Соңғы жылдары Түркістан облысы инвестиция тарту бағытында елеулі нәтижелерге қол жеткізіп келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 1 триллион 64,7 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,5 пайызға жоғары. Мұндай өсім өңірдің инвестициялық тартымдылығының артқанын айқын көрсетеді.
Облысқа тартылған инвестициялар негізінен өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, энергетика және туризм салаларына бағытталған. Атап айтқанда, 2023–2026 жылдар аралығында іске асырылуы жоспарланған жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 194 инвестициялық жоба әзірленіп, олардың нәтижесінде 16 467 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Осы орайда бүгін инвесторлар мен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің кездесуі өтті. Кездесуде тікұшақтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын, жүк тасымалдайтын дрондарды өндіретін жаңа зауыт жобасының жүзеге асыру шарттарын талқылады. Ауқымды зауыттың құрылысы үшін индустриялық аймақтар мен Сауран ауданы потенциалды орын ретінде ұсынылды. Бұл жоба өңірдегі ең технологиялық өндірістердің бірі болуы мүмкін.
Шетелдік компания Түркістан облысына шамамен 290 миллион АҚШ долларын инвестициялауды жоспарлап отыр. Зауытта 150-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылып, өңірлік өнеркәсіптің жаңа бағыттары дамуы күтілуде. Әкім ынтымақтастыққа ашық және инвесторларды барлық кезеңде қолдауға дайын екенін атап өтті.
– Біз инвесторға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл – жай ғана жоба емес, болашаққа жасалған қадам. Түркістан облысы жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға мүдделі, мұндай зауыт өңір экономикасына маңызды үлес қосады, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Компания өкілдерінің мәліметінше, кәсіпорын азаматтық және арнайы мақсаттағы тікұшақтар мен дрондарды өндіреді, олар логистикада, ауыл шаруашылығында, туризмде, инфрақұрылымды бақылауда және басқа салаларда қолданылатын болады. Жоба төменгі авиация экономикасының жылдам дамып келе жатқан саласына бағытталған – биіктігі 3000 метрге дейінгі ұшу аппараттары. Заманауи техникалар қала ішіндегі әуе тасымалы, дрондар арқылы тауар жеткізу және жедел көмек көрсету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында қолданылады.
Түркістан облысы инвесторларға дамыған инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдау ұсынады. Өңірде 15 индустриалды аймақ жұмыс істейді, 4000 гектар аумақты қамтитын «TURAN» арнайы экономикалық аймағы бар. Инвесторлар бірнеше салық түрлерінен босатылады. Сонымен қатар өңірде инвесторларға арналған «бір терезе» жүйесі енгізілген. Ірі шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнатылған.
Соңғы үш жылда облыста қытай капиталы қатысқан 110 миллион доллар көлеміндегі 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылды, тағы 1,1 миллиард долларды құрайтын 7 жоба іске асырылу сатысында.
Жалпы алғанда, Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша республика көлемінде үздік үштікке енді. Бұл өңірдің экономикасын әртараптандыру мен тұрақты дамуына серпін беріп, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне де оң ықпал етуде. Алдағы жылдары да инвестиция тарту қарқыны төмендемей, жаңа жобалар мен өндіріс орындарының ашылуы жалғасын табады деген сенім бар.