Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында «Бақытты жанұя» орталығы жайында айтылды. Бұл орталық – отбасыларды қолдау мақсатында психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңестер түріндегі кешенді бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында қызметтер көрсетеді. Осы орталық биылдың өзінде аз қамтамасыз етілген және көпбалалы түрлі санаттарға кіретін 4134 азаматқа қызмет көрсеткен. Бүгінгі таңда, қалада бір ғана орталық жұмыс істейді. Басқарма басшысы әр аудандардан «Бақытты жанұя» орталықтарын ашу туралы ұсынысын айтты.
Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Мөлдір Кеуенова «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының Шымкент қаласында іске асырылу барысы мен отбасылық және гендерлік саясатты іске асыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жоспарлары туралы айтты.
Сондай-ақ, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, полиция жанындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы инспекторларының жұмысы туралы Шымкент қаласының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Данабай Әлиевтің баяндамасы тыңдалды.
Әйелдердің құқығы мен экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту – еліміздің 2030 жылға дейінгі «Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында» да, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттарында да ерекше назарға алынған басымдықтың бірі. Әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігін арттыру және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында әйелдердің рөлін күшейту үшін де атқарылып жатқан істер аз емес. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтарының жұмысы және кәсіпкер әйелдердің қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында қолдау шаралары туралы Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев баяндама жасап, комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.
Комиссия төрағасы отырыста айтылған мәселелер бойынша тапсырмалар беріп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатынын жеткізді. Сондай-ақ, комиссия мүшелеріне аталған бағыттағы жұмыстарға белсене атсалысып, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс жүргізуді тапсырды.