Бақытты отбасы кемел келешек кепілі

Тұрмыстық зорлық-зомбылық жайты қоғамымыздағы ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық, ақша жетіспеушілігі сынды қиындықтар қаншама шаңырақтың шайқалуына түрткі болып отыр. Салдарынан, ерлі-зайыптылардың арасында агрессивті қарым- қатынас орнап, соңы қол көтеру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тіпті адам өліміне дейін жеткізуде.

Күйеуінен қысым көрген әйелдер қорғану мақсатында тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінуге мәжбүр. Өйткені, ашу үстінде орын алатын жағдайлардың кесірі балаға тиіп кете ме деп қорқады. Нәтижесінде, ұрыстан көз ашпайтын отбасында қорқақ, өз ойын ашық жеткізе алмайтын, әке мен ананың мейіріміне зәру, әлсіз перзенттер өседі.

         Шаһарымыздағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін Шымкент қаласы бойынша әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары жүйелі жұмыс атқарып келеді. Олар учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп есепте тұрған жанұялар мен жайсыз отбасылардағы келеңсіз жайттардың алдын-алу және оны болдырмау мақсатында профилактикалық іс-шаралар өткізуде.

Нәтижесінде жыл басынан бері, 3270 тұлғаға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, оны бұзғаны үшін 96 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицейлердің ескертуіне қарамастан қайталап құқық бұзған 204 тұлғаның мінез-құлқына сот арқылы шектеулер қойылды. Яғни, 3 айдан 1 жылға дейін есепке алынып, алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынды. Өз өтініштері бойынша 12 әйел №3 әлеуметтік арнаулы көмек көрсету орталығына орналастырылды.

         Сондай-ақ, биыл «Отбасы күні» қарсаңында Шымкентте «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» акциясы болып өтті. Тәртіп сақшылары аталған шара негізінде тұрмыстық қарым-қатынаста жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын-алуды көздейді.

Осы тұста, кез-келген мәселенің шешімі тынымсыз еңбек пен адал табыста екенін айтқым келелі. Өмірге келгендегі мақсаттың не екенін ұмытпау, соңыңнан саналы ұрпақ қалдыру, оларды аяқтан нық тұрғызу, айналаға жалтақтатпау үшін әуелі ер адам бар күшін салу керек. Ал, әйел демеуші, қолдаушы, балаларға дұрыс бағыт бағдар беруші тұлға. Әркім өз міндетін дұрыс орындаса алынбайтын асу, бағынбайтын белес, шешілмейтін түйін жоқ. Отбасыдағы береке, бірліктің кілті — татулықта.

Ntime.kz