Шымкентке Өзбек ұлттық қуыршақ театры гастрольдік сапармен келді

Қазақстан мен Өзбекстан театрлары арасында мәдени және шығармашылық байланыстарды дамыту мақсатында арнайы меморандум түзілген болатын. Осыған орай, Шымкентке Өзбекстан Республикасынан Өзбек ұлттық қуыршақ театры гастрольдік сапармен келді.

Ташкент қаласынан келген шығармашылық ұжым 2 — 6 қазан аралығында шымкенттік көрермендерді өздерінің қызықты қойылымдарымен қуантады. Терең тарихы бар театр ұжымының қоржынында көрермен көңілінен шыққан көптеген қойылымдар бар. Солардың арасынан «Веселый балаганчик» пен «Қуыршақтар әлемі» атты сазды қойылымдарын театр сүйер қауымға ұсынбақ.

Өз ісінің шеберлері жиналған театр ұжымында рөлдерін сомдап қана қоймай, қуыршақ образын жасаумен де айналысатын бесаспап мамандар да бар. Солардың бірі ¬– театр әртісі Муниса Игамназарова.

– Осы театрда жұмыс істеп жатқаныма 30 жылға жуықтады. Қуыршақтарды пайдалана отырып ұшқыр қиялға ерік беріп, адам таңқаларлық әдемі көріністерді жасап шығуға болады. Қуыршақ театрының тәрбиелік функциясы басым болғандықтан әрбір қойылымның терең мағынасы, жеткізер ойы бар. Мен сахнада қуыршақтарды ойнатып қана қоймай, түрлі қуаршақтардың образын жасап, олардыөз қолыммен тігумен де айналысамын. Тіпті, қуыршақтардың билейтін биін де ешқандай хореографсыз өзіміз қоя береміз. Көптеген елдерде гастрольде болдық. Халқымыздың бай тарихына барлығы да тамсана қарайды. Сондықтан Шымкент қаласының тұрғындарын біздің қойылымдарымызды тамашалауға шақырамыз, – дейді ол.

Сонау 1939 жылы құрылған Өзбек Ұлттық қуыршақ театры – Өзбекстандағы тарихы тереңде жатқан өнер ордасының бірі. Оның көрші елдегі театр мектебінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі зор. Театрдың репертуары алуан түрлі, әрі ұлттық және классикалық драматургияға бай. Қуыршақ театры халықаралық фестивальдерге белсенді қатысып қана қоймай, шетелдерге гастрольдік турларға да жиі шығып тұрады екен. 1973 жылдан бастап труппа әлемдегі барлық континенттерде болған.

Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мәдени байланыстар жылдан жылға кең өріс алып келеді. Өзбек Ұлттық қуыршақ театрының гастрольдік туры – соның айқын мысалы. Шығармашылық турдың ресми ашылуы Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында басталды. Ташкенттік әртістер 6 қазанға дейін мектеп сахналары мен өзге де мәдени орындарда өнер көрсетпек.