Сайрам ауданы — ауыл шаруашылығына бейім, табиғи-климаттық жағдайы қолайлы өңір. Мұндағы тұрғындардың басым бөлігі мал және егін шаруашылығымен айналысады. Әсіресе сүт өндірісі — ауданның жетекші бағыттарының бірі. Сайрам ауданында Түркістан облысының бірқатар өндіріс орны шоғырланған. Соның бірі — «TAYIBA» сүт өңдеу зауыты. Бұл зауыт бастапқыда үй жанындағы шағын цех ретінде ашылып, сүттен 5 түрлі ғана өнім шығарып жүрген. Кейін кәсіпорын иесі цехты кеңейтуді қолға алған.
Ақсукент ауыл округіндегі кәсіпорын кеңейтіліп, жаңа құрал-жабдықтармен қамтылып, өткен жылы іске қосылды. Кәсіпорында 50 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын бұрын күніне 10 тоннаға дейін сүт өнімдерін шығарған. Бүгінде әлеуеті көтерілді. Сұраныс болса, тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдей алады.
Қазіргі таңда мұнда сүт өнімдерінің 10-12 түрін шығарылуда. Айран түрлері мен қаймаққа, құртқа сары май және өзге де өнім түрлері қосылған. Өндірістегі барлық құрылғылар мен құрал-жабдықтар Ресей, Қытай және Түркия мемлекетінен жеткізілген.
Шикізат жергілікті шаруалар және фермерлерден және аудан тұрғындарынан жиналып алынады. Дайын өнімді ішкі нарыққа өткізеді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Өндірістің барлық кезеңдері автоматтандырылған жүйелер мен заманауи жабдықтардың көмегімен бақыланады. Өндірісте сүтті қайнатып, өңдейтін вакуумдық цифрландырылған құрылғы қойылған. Өнімдер мұздатқыш камераларда сақталады.
Сайрамда сүт өнімдерін шығаратын өзге де кәсіпорындар бар. «Айкан» ЖШС ашытылған сүт өнімдерін шығарады. Осы уақыт аралығында «Айкан» ЖШС өнімдері тұтынушыларымыздың сеніміне ие болды.
Зауыт тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдеуге қауқарлы. Мұнда Түркиядан әкелінген заманауи технология негізінде ірімшіктің тоғыз түрі өндіріледі. Өнімдер «Эмир» брендімен шығарылады және халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді. Сүт негізінен жергілікті шаруалардан қабылданады, бұл өз кезегінде фермерлік шаруашылықтардың дамуына да серпін береді.
Жаңа кәсіпорын 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзіне айналды. Сонымен қатар, зауыттың жұмыс істеуі жергілікті сүт өндірушілер үшін сенімді өткізу нарығын қамтамасыз етеді. Бұл ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға септігін тигізуде.
Жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы және «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы» аясында жүзеге асты. Зауыт құрылысына 100 миллион теңге көлемінде субсидия беріліп, қосымша 24 миллион теңге көлемінде инвестициялық қолдау көрсетілді. Бұл – бизнестің дамуына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан нақты қолдаудың көрінісі.
Кәсіпорын жетекшілігі алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, экспортқа бағытталған өнімдер шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, жаңа технологияларды енгізу арқылы өнім түрлерін көбейту көзделуде.
Қорытындылай келе, сүт өңдеу зауыттарының ашылуы – Сайрам ауданындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің жаңа кезеңі. Бұл жоба өңір экономикасын әртараптандыруға, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама болып табылады.