Бүгін Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековтың азаматтарды кезекті біріңғай қабылдауы өтті деп жазады Ntime.kz AA. Бұл жолы жеке қабылдау «е-Otinish» порталына алдын ала өтініш қалдырған тұрғындардың тізімі бойынша ұйымдастырылды.
Әкімдікке қабылдауға келген тұрғындар қала әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшыларына және аудан әкімдіктеріне шағымдары бойынша жүгінді. Осы орайда, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева тұрғындардың әлеуметтік салаға қатысты мәселелерін тыңдады.
Тұрғындар басқарма басшысына жұмыспен қамту, мүгедектерді әлеуметтік қолдау және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жөнінде мәселесін жеткізді.
Әр тұрғынның өтінішін жеке тыңдаған Ж.Өтебаева барлық ұсыныс пен шағым тек заң аясында орындалатынын, десе де, тұрғындардың бүгінгі мәселелері ескерусіз қалмайтынын айтты.
Мәселен, қоғамдық қабылдауға келген бір азаматша ұзақ жыл денсаулығына байланысты үйде отырғанын, қазір жақсарып, жұмысқа орналасуға ниетті екенін айтты. Басқарма басшысы жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламаларына қатысуға шақырды. Нәтижесінде, азамтша уақытша жұмысқа орналасып, біліктілік дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік алады.
Тағы бір тұрғын зейнет жасына дейін жұмысқа орналасқысы келетінін айтты. Бұл кісіге «Күміс жас» мемлекеттік бағдарламасы ұсынылды.
Халықты жұмыспен қамтуды арттыру және жұмыссыздықты төмендету Қазақстанның жұмыспен қамтудың мемлекеттік саясатының басым бағыты болып саналады. Ол екі негізгі бағыт бойынша әзірленеді: жұмыспен қамтылмаған халықты жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға көмек көрсету. Жұмыспен қамту және жұмыссыздық мәселесін зерделеу және оларды шешудің жолдарын табу аса маңызды өзекті мәселе.