Республикалық үш жақты комиссия отырысы өтті

Бейнеконференцбайланыс режимінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Отырысқа Кәсіподақтар федерациясы мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің өкілдері, сондай-ақ, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.Комиссия отырысын ашқан Ералы Тоғжанов пандемия кезінде жұмыс орындарының сақталуын, жалақының уақытылы төленуін қамтамасыз ету, еңбек жанжалдарының алдын алу сияқты мәселелер бұрынғыдан да өзекті екенін атап өтті. Вице-премьер жұмыс берушілер мен жұмысшылардың мүдделерін қорғайтын кәсіподақтардың осы бағыттағы баға жетпес үлесін ерекше атап өтті. Еңбек қатынастарын реттеу үшін әлеуметтік әріптестіктің маңызы зор екенін жеткізді.Жиында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Ең алдымен ол еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеу мәселелеріне тоқталып, әлеуметтік әріптестерге азаматтардың өтініштері негізінде кәсіподақ жұмысы туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, аймақтық комиссиялар қызметінің мәселелері, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау бойынша кәсіподақтар қабылдаған шаралар туралы айтты. Сонымен қатар, Республикалық үшжақты комиссияның қарауына ҚР Үкіметі және кәсіподақ ұйымдары мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімнің жобасы шығарылды.Кездесуді қорытындылай келе, Ералы Тоғжанов Кәсіподақ ұсыныстарын бірлесе қарастырып, әлеуметтік әріптестікке қатысушыларға елдің әлеуметтік-еңбек саласын нығайтуда әлеуметтік диалогты дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Шымкент қаласы кәсіподақ орталығы