Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында адам құқығын қорғау мәселесін саяси жаңғырумен қатар қояды. Бүгінде бұл іспен, яғни оны қорғаумен арнайы комиссия айналысады. Мемлекет басшысының тапсырмасы Шымкентте де ойдағыдай орындалуда. Аталған жайтқа байланысты шаһар басшылары семинар-тренинг өткізді.
Қала әкімдігінің мәжіліс залында «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында өткен семинарға Астанадағы Еуропа қауымдастығы мен ынтымақтастығы ұйымының бағдарламалар офисінің басшысы, елші Фолькер Фробарт, Winrock International ұйымының Орталық Азиядағы көші-қон жөніндегі жобасының жетекшісі Валентайн Элеонор Джудит, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев қатысты. Семинар-тренинг жұмысын қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашып беріп, жиынның маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Зайырлы елде адам құқығы заңмен қорғалып, оның өміріне қол сұғушылыққа жол берілмейді. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында осыған ерекше көңіл бөліп, саяси жаңғыру мен адам құқықтарын қорғауға айырықша басымдық беріп келеді. Соңғы жылдары адам құқықтарын қорғау саласында едәуір өзгерістер енгізіліп, осы бағыттағы жұмыстарды біршама ілгерілете түскені анық. Бүгінгі комиссия жиыны да соның айқын дәлелі, – деді С. Құранбек.
Сондай-ақ, семинарда Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі зерделенді. Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстан Республикасы азаматтарының, Қазақстан аумағында тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан өзге адамдардың еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері қаралды. Тыңдаушылар қоғамдағы еңбек және әлеуметтік жанжалдардың алдын алу және оларды шешу тетіктерімен танысты. Комиссия мүшелері қатысушыларға нақты мысалдармен құқықтар мен бостандықтар туралы ғана емес, азаматтардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттері туралы да айтып берді.
Отыз жылдан бері қастерлеп келе жатқан тәуелсіздігіміздің басты ұстанымының бірі де осы – адам құқықтарының сақталуы. Шындап келгенде, бұл біздің ең жанды жеріміз. Өйткені «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» болса, басты заңға сәйкес «Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс.