Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат

Қазір дәстүрлерді жаңғыртуға, сақтауға көптеген жобалар жасалып жатыр. Ата-баба дәстүрін келешек ұрпаққа жеткізу-біздің парызымыз. Ұлттық бірегейлік дәстүрдің арқасында сақталады. Ал  ұлтымыз мәңгі жасасын десек, дәстүрімізді ұмытпауымыз керек.

Ата-баба дәстүрімен сабақтасып келе жатқан қол диірмен қазақтың ілгеріден келе жатқан тұрмыстық құралы. “Дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар” демекші, дамыған заман талабы асыл мұрамызды қолданыстан шеттетіп жатыр.

Бірақ, ол өз құндылығын жоғалтпайды, қазақ бар жерде ұмытылмайды. Музейге келген жас буын өкілдері қызыға қарап, бізден сұрап жатады. Біз де өз тарапымыздан мейлінше кеңінен түсіндіруге тырысамыз. Осы тұста, оқырмандарға да айтып кетейін. Қол диірмені екі үлкен қыша тастан жасалған. Ортасында бидай салатын үңгісі болады. Бұрын дәмді, күлше нан пісіру үшін біздің әжелеріміз қол диірменін қолданған.

Диірменмен бидай ұсатып, ұн жасаған. Әсіресе диірменді айналдыру өте қиын, тарихи жәдігеріміздің екі үлкен қыша тастары бар. Диірмен өте ауыр. Диірменді айналдыру үшін көп күш керек. Қыша тас ойығына бидай салынып, астық тастардың арасында үгітіледі, осылайша үгітілген бидай төменгі қыша тас астына жиналады. Жұмыстың қиындығынан қашпай сол жұмысты бар ынтасымен атқарған ата – әжелерімізден, «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ жалғанда» деген ғибрат қалған.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – дегендей, осынау тарихи жәдігер кезінде бір ауылды асыраған екен, – дейді мұражай қызметкері.

Халқымыз көшіп-қонып жүрсе де, ағаш сабы бар қол диірменін тастамай, тұрмысқа қажетті құралдардың бірі деп есептеген.