Шымкентте жас полицейлер ант қабылдады

Шымкент қаласы Полиция департаментінде Ішкі істер органдарына жаңадан қабылданған жас полицейлер үшін ант қабылдау рәсімі өтті. Тәртіп сақшылары салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамаларын қатаң сақтауға, өз лауазымдық міндеттерін адал орындауға ант берді. Аталған іс-шараға департаменттің басшылығы, жеке құрамы және ІІО ардагерлері қатысты. Іс-шараны департамент бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі М.Алтаев ашып, жас қызметкерлерге сәттілік, отбасыларына амандық, бастарына саулық тіледі. ҚР ІІМ министрі полиция генерал-лейтенанты Е.Тұрғымбаевтың бұйрығымен Токио қаласында өткен 32-жазғы олимпиада ойындарына қатысып, Қазақстан Республикасының абыройын асқақтатқан үш шымкенттік спортшы «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» Медалімен және бағалы сыйлықпен марапатталды. Олар «Динамо» қоғамының мүшелері — Асадилов Дархан Абсадикович, Берульцева Софья Полихроновна, Репин Николай Владимирович. Сондай-ақ, өз қызметін адал атқарып, жедел қызметтерінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 125 полиция қызметкері түрлі марапаттарға ие болды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрі атынан 29 полиция қызметкеріне төсбелгі, грамота және алғыс хаттар тапсырылды. Шымкент қаласы ПД бастығының бұйрығымен 100-ге жуық полицей марапатталды. Іс-шара соңында қызмет бабында қайтыс болғандарды еске алу мақсатында монументке гүл шоқтары қойылды.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі